Корей газетінің жүз жылдығы тойланды

Корей газетінің жүз жылдығы тойланды

Қазақстан корейлер қауымдастығының төрағасы Юрий Шин бастаған делегация Қостанай облысына жұмыс сапарымен келіп кетті. Меймандар облыстық Достық үйінде болып, аймақ басшысының орынбасары Ринат Мұхаметқалиевпен және этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен кездесті.

Дөңгелек үстел басында корей бірлестігінің өзекті мәселелері талқыланды. Кездесу республикалық “Коре Ильбо” корей тіліндегі газеттің 100 жылдығына арналған мерекелік концертке ұласты.

– Біз осыдан он жыл бұрын Қостанайда “Коре Ильбо” газетінің 90 жылдық мерейтойын атап өткен едік. Тоқсан жылдық аясында ұйымдастырылған алғашқы көшпелі іс-шара ретінде тарихта қалды. Газеттің жүз жылдығы тағы да Қостанай төрінде тойланып отыр. Тобыл-Торғай өңіріне деген құрметіміз ерекше. Бұл жерде газетіміздің меншікті тілшісі Фёдор Мин жұмыс істейді. Басылымды әркез қолдап жүретін Қостанай облысындағы корей этномәдени бірлестігіне зор алғысымды білдіремін.
Этникалық газеттің өзіндік артықшылығы бар. Оның таралымын сақтап тұрудың өзі қарқынды жұмысты талап етеді. Газетіміз көпшіліктің қолдауымен дамып, заман ағымына сай ілесіп келеді, – деді “Коре Ильбо” газетінің бас редакторы Константин Ким.


Мерзімді басылымдардың таралым мәселесі қазіргі заманда өзекті тақырыпқа айналғаны рас. Көпшілік газет-журналдар электронды нұсқаға көшіп, оқырман қажетіне сай жұмыс істеуде. Жүз жылдық тарихы бар “Коре Ильбо” басылымы 1300 данамен таралуда. Бүгінде басылымның жеке сайты бар және әлеуметтік желілерде ресми парақшалары жұмыс істеуде.


“Коре Ильбоның” алғашқы саны 1923 жылдың 1-наурызында жарыққа шықты. Ол кезде корейлерді Қиыр Шығыстан депортациялау әлі басталмаған еді. Газет 1937 жылы корейлермен бірге Қазақстанға “жер аударылды”. Алғашында Қызылордада орналасқан редакция кейін Алматы қаласына ауысып, «Ленин кичи» (Ленин туы) деген атауға ие болды. 1991 жылы «Корё ильбо» атауын алды. Қазақша мағынасы «Корей күнделігі» дегенді білдіреді.
Меймандар қостанайлық корейлерге басылымға адалдығы үшін алғыс білдірді. Жерлестеріміздің арасында жиырма жылдан астам уақыт бойы “Коре Ильбо” газетіне жазылып келе жатқан оқырмандар да бар екен. Концерт барысында қазақ және корей әндері шырқалды.

Қымбат ДОСЖАНОВА.
Суреттерді түсірген Бибіт НҰРМҰХАНОВ.

Жаңалықтармен бөлісу