«Ауыл» партиясы» РҚБ ұйымдастыруымен Орал қаласында ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды оқиғалардың бірі – «AUYL FEST. Қой шаруашылығы – 2025» тұңғыш Халықаралық этномәдени фестивалі өтті.
Форумның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту, заманауи технологияларды енгізу арқылы отандық қой шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Фестивалдің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық комитеттің төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоқжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қарақат Әбден, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин және министрліктерден өкілдер қатысты.


Сонымен қатар форум жұмысына отандық сарапшылармен қатар Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Венгрия, Франция және Иран Ислам Республикасынан келген халықаралық қонақтар, ғалымдар мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысты.

Батыс Қазақстан облысында тұңғыш рет өткен Халықаралық «Auyl Fest. Қой шаруашылығы-2025» фестиваліне 14 елден мамандар қатысты.

Шара аясында қой жәрмеңкесі, аукцион, қой қырқу жарысы, ұлттық ойындар, қолөнер көрмесі, сән көрсетілімі және ұлттық тағамдар ұсынылды.






Көрмеде еділбай қойымен қатар, оралдық ғалымдар шығарған «Ақжайық» тұқымы және қойдың 10 тұқымы мен 7 зауыттық түрі таныстырылды. Ирандық инвесторлар өңірде тері өңдейтін өндіріс ашуға 1,5 млрд теңге салатынын мәлімдеді.




Фестивальде қойшаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері талқыланып, шетелдік тәжірибелермен бөлісу, инвестиция тарту мәселелері көтерілді.



Облыстың 12 ауданы ақшаңқан киіз үйлер тігіп, ұлттық салт-дәстүрді насихаттады.




Шара көпшіліктің жоғары қызығушылығын тудырып, қазақтың қой шаруашылығы мәдениеті мен дәстүрін кеңінен танытты.
