«Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы 2020 — 2025 жылдары аймақтардағы ауылдардың тыныс — тіршілігін жақсартуға бағытталған. Біз осы орайда Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Гүлмира Ұзаққызына жолығып, аталған бағдарлама бойынша ауданда қолға алынып жатқан жұмыстарды айтып беруін сұраған едік.
«Былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Торғай селосының бес көшесі асфальттанды. Атап айтқанда: Нұрманов, Сәрсекеев, Хамзин, Байқадамов, Кейкі батыр көшелері. Сондай – ақ, Сужарған ауылының Қайдосов мектебіне ұлттық қор және облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл осы бағдарлама аясында Көкалат ауылының екі көшесіне асфальт салынғалы жатыр. Жұмыс аяқталып қалды. Нақты айтқанда шамамен 80%-і істелді. Көшелердің ұзындығы: Қыпшақ Сейітқұл көшесі — 900 метр, Айса Нұрманов көшесі — 1,5 шақырымнан астам қашықтықты құрайды», – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Алыстағы ауылдарды аудан стандартына сай модернизацияға лайықтап, жаңа деңгейге көтеру мақсатын ұстанған. Бағдарлама аясында жастар іске жұмылып, ауылдардың әлеуметтік — экономикалық әлеуетін көтеруге кірісе алады. Бұл тұрғыда кәсіпкерлердің де үлестері зор болады.
Бағдарламаның негізгі міндеттері ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік аймақтарға білімді мамандар жіберу, ауылдағы жас кәсіпкерлерді қолдау. Ауылды гүлдендіремін деген азаматтарға несие алу жағдайы да жеңілдетілген.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Жанкелдин ауданы
