Қостанайда бос орындар жәрмеңкесі өтіп жатыр

Қостанайда бос орындар жәрмеңкесі өтіп жатыр

Қостанайда облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен студенттер мен жұмыссыз жүрген жастарға кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп жатыр. Бұл жолы өңірдің аудан қалаларынан 70-тен астам ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер қажетті мамандықтарға жұмыс ұсынды.

– Дәстүрлі бос орындар жәрмеңкесі болып жатыр. Басты мақсаты – жастарымызға жаңа мүмкндіктер беріп, жұмыспен қамту. Қазір ауқымды іс-шараға 75 жұмыс беруші қатысып отыр. Оған қоса, қала мен аудандардан келген 60 мемлекеттік мекеменің өкілдері де бар. Онлайн форматта өтетін алаң құрылды. Денсаулық сақтау басқармасы аудан-қалалардың бас дәрігерлерімен зум арқылы байланыстырып отыр. Оған әр өңірде медицина мамандығын оқып жатқан студенттерді тартып жатырмыз. Бос орындардың 20-30% қамтимыз деген ойымыз бар. Айта кету керек, мемлекеттік бағдарлама арқылы келетін жастарға үй де беріледі. Қаржылай көмек қарастырылған, – дейді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Кәкенов.

Іс-шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, жастарға сәттілік тіледі.

– Өздеріңе қажетті жұмыс табуға жол ашатын алаң. Басты міндеттердің бірі – сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды қолдау, жастарға мүмкіндіктер ашу. Қостанай облысы аграрлық аймақ. Сондықтан, бүгін «АIIur» АҚ, «Агромаш Холдинг» АҚ, «Жас Қанат-2006» ЖШС, «Варварин» АҚ сияқты ірі компаниялар қатысып отыр. Өңірде құрысылшы, арнайы көлік жүргізушілері, медицина, мәдениет, білім, ауыл шаруашылығы мамандары тапшы. Бұл үлкен мүмкіндік, – деді облыс әкімі.

Жұмыс іздеп келген жастар әңгімелесуге қатысып жатыр. Жоғарғы экономика колледжінің студенті Ерқанат Өзбеков те жұмыс іздеп келіп келгендер қатарында.

– Электр жабдықтау мамандығын бітіремін. Мұндай іс-шаралардың көмегі көп. Мен жаңа аралап жүріп, жұмыс берушімен келісіп отырмын. «Алан МК» деген фирмаға өзімнің резюмемді қалдырып кеттім, – дейді ол.

Ақ халаттылар тапшылығы әсіресе, біздің өңірде қатты байқалады. Соның ішінде жалпы тәжірибелік дәрігер, хирург, анестезиолог және неанотолог секілді мамандықтарға сұраныс көп. Бүгінде ауыл аймақтарда медицинаны қолжетімді ету үшін жас мамандарды ынталандыру қарқынды жүзеге асып келеді. Ол үшін жалақыны көбейту, көтерме жәрдемақы беру, еңбек шартын жетілдіру мәселелері қолға алынған.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Б.Нұрмұханов.

Жаңалықтармен бөлісу