Арқалықтық кәсіпкерлер биылғы ауа – райының құрғақшылығына байланысты құрбан шалып, тасаттық берді. Осыған орай, қала іргесіндегі жасанды су қоймасының алаңында тасаттық намазы оқылды.
Мешіт асханасында әруақтарға арналып құран оқылып, ас берілді.
Қала әкімі Әмірхан Асанов кәсіпкерлердің қаланың көркеюіне, ауылдардың жақсаруына қолдарынан келгенше көмек көрсетіп жатқанын тілге тиек етті.

Ел ақсақалдары, құрметті қажылар сөз алып, елдің тыныштығын, кәсіп жасап жатқан азаматтардың істерінің берекелі болуын тіледі.

«Тасаттық намазы құрғақшылықта оқылатын намаз. Ислам дінінде «жаңбыр сұрау намазы» деп атайды. Қасиетті құранда «әрбір бастарыңа келген сынақтардың барлығы өздеріңнен» деген. Сондықтан, мұсылман бауырларымыздың үнемі дұрыс, таза жолмен жүріп, сауапты істерден тартынбағаны жөн. Тіршілік атаулыға, жер бетінде өскен өсімдікке, егістікке деп шын ниетімізбен тілек тілеп жатырмыз. Алла тілегімізді қабыл қылып, пайдалы, зиянсыз, кедергісіз жауын жаууына нәсіп етсін», – дейді Арқалық қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің наиб имамы Мұхтар Жұмаханұлы.
Айтқандай, тасаттық берілді, жауын жауды. «Алла тілегімізді берді»,- деп ағайын – жұрт арқа – жарқа.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
