Г.Құдайқұлова: «Бизнес бір орнында тұрмауы керек»

Г.Құдайқұлова: «Бизнес бір орнында тұрмауы керек»

Жақында Дубайда өткен Жаһандық әйелдер саммитіне біздің өңірден бір топ делегат қатысып қайтты. Олардың арасында жеке кәсіпкер Гүлвира Құдайқұлова да бар. Жаһандық саммиттен алған әсері жайлы бізбен бөліскен болатын.

«Биылғы саммитің тақырыбы – «Әйелдер: жаңа құбылмалы климатта жетекші рөлі». Қазақстандық делегацияны Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті Р.Сәрсембаева бастап барды. Бірінші күні әлемнің түрлі елдерінен келген делегациялардың басшыларымен бірге Дубайдың қаржы нарығындағы жаһандық саммиттің ашылуына қатыстық. Іс-шараның ашылуында Біріккен Әмірліктердің іскер әйелдер кеңесінің президенті Фарида Абдулла Қамбар Әл-Авади де болды. Оңтүстік Африка, Вьетнам, Франция, Испания, Мексика, Германия, Қазақстан және тағы басқа елдерінен келді. Мұндай дүниежүзілік жиындарға қатысу оңай емес. Оған әлемнің 70-ке жуық елінен жеті жүздей табысты кәсіпкер пен саясаткер әйелдер осы беделді алаңда өз тәжірибелерімен әрі пікірлерімен алмасты. Бұл саммит мемлекеттік және жеке өмірдің барлық салаларында тиімді дамуға қол жеткізудегі жаңа креативті ойлармен алмасу мүмкіндігін бере алатын аса маңызды іс-шара болды.

Жаһандық Әйелдер саммиті іскер ханымдар үшін алдыңғы қатарлы жаһандық экономикалық форум болып табылады. Саммит, ең алдымен, БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын қолдайды. Оның ажырамас бөлігі гендерлік теңдікке қол жеткізу және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту. Саммиттің негізгі мақсаты – кәсіпкер әйелдерге нарыққа қол жеткізуді қамтамасыз ету және әйелдердің бизнес пен саясаттағы көшбасшылық позицияларға көтерілуін жеделдету. Бұл жерде бизнеспен айналысып жүрген өзге өңірлердің, елдердің іскер ханымдармен кездесіп, тәжірибе алмастық. Арнайы аудармашылар бірге жүріп, аударып отырды. Өз басым мұндай іскерлікті арттыратын жиындардан қалмауға тырысамын. Өйткені, адам бизнес саласында, әсіресе, мейрамхана, қонақүй бизнесін қолға алғаннан кейін, шетелдік тәжірибелер қажет-ақ. Бір орнында тұрып, қалмай, даму керек. Сол жағынан көп іздену үшін шетелдерге жиі шығамын.

Негізгі іс- шаралардың қатарында «БАӘ-де бизнес жүргізу» арнайы сессиясы бар. Онда іскерлік қатынастарды қалыптастыру және бизнес үшін мүмкіндіктер жасау туралы ақпарат ұсынылды. Сессия БАӘ Экономика министрі Абдулла бин Тукк пен бағалы қағаздар және тауарлар басқармасының бас директоры Мариям Бути Аль Сувайдидің басшылығымен өтті.

Жаһандық саммитті алғаш рет араб шығанағы аймағында, атап айтқанда БАӘ-де өткенін асыға күттік. Өйткені ел экономикалық тұрғыдан әйелдер құқығын ілгерілетудің аймақтық көшбасшысы болып табылады. Әйелдер БАӘ Парламентінің 50% және Министрлер Кабинетінің 30% құрайтынын көбі біле бермейді. БАӘ аймақтағы Директорлар кеңесінің басшыларына квота енгізген алғашқы ел.

Жаңалықтармен бөлісу