Аманкелді ауданында бүгін, 6-шы мамыр күні аудан орталығындағы “Шұғыла” БЖШО-да Тәжік-ауған соғысының ардагерлерімен кездесу және ерлікпен қаза болған ержүрек жауынгерлерді еске алу жиыны өтті. Жиналған қауым соғыста қаза тапқан боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Халқымыздың тарихында ерекше атаулы және мәңгі ұмытылмайтын күндермен қатарлас оқиғалар бар. Соның бірі Тәжік-ауған шекарасында болған соғыс. 1992-2001 жылдары қазақстандық Ішкі әскердің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында айбынды ерліктің не екенін нақты дәлелдеп, қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен болатын. Амал қанша, мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен сол шайқаста қаншама жауынгерлер қаза тауып, жарақат алды. Оларды ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздің басты мақсатымыз. Керісінше, сол ерлердің ерлік істерімен жас ұрпаққа отансүйгіштік рухты дарытып, тәрбиелей білуіміз керек.
Жиында аудан әкімі Талғат Карбозов сөз алды.
— «Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» дегендей, өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан Сіздердей ардагерлермен кездесу – біз үшін бір ғанибет. Батырларымызды ұлықтау халқымыздың салты. Біз еш уақытта да ел үшін жанын пида еткен арыстарымызды ұмытпауымыз қажет, — дейді аудан әкімі.
Жиында аудан басшысы Тәжік-ауған соғысының ардагерлеріне Алғыс хат табыс етті. Сонымен қатар, бірқатар азаматқа “Қазбат” жауынгерлік іс-қимылдар және бітімгершілік операциялар ардагерлерінің одағы” Республикалық қоғамдық бірлестігінің төсбелгісімен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Іс-шара Қ.Әбенов атындағы аудандық мәдениет үйінде ҚР Қарулы күштері күніне арналған концерттік бағдарламамен жалғасты. Мерекеге орай бірқатар азаматқа облыс, аудан әкімінің марапаты табысталды.
Бибіт НҰРМҰХАНОВ,
Аманкелді ауданы