«Жалғызтал» ауылының құрылғанына – 60 жыл
Арқада мінезі ерекше шығыстан батысқа, ылдилап өрге қарай ағатын жалғыз өзен бар. Оның аты осы болмысына қарай «Терісаққан» деп аталады. Бұл өзенді Асанқайғы бабамыз «Сарыарқаның тұздығы екен» деп бағалаған.
Терісаққан өзені басталарда екі сала болып, бірі үлкен Терісаққан, екіншісі Балатерісаққан аталып, дәл құйылысы қашаннан мал-жанға жайлы қоныс болған. Өзені иілген өңірге орналасқан алғашқы шаруашылық «Ковыльный» деп, кейін қазақтың тұңғыш ғарышкерінің құрметіне «Т.Әубәкіров атындағы кеңшар»деп атанды.
«Еңбегіміз жанып, еңбеккерлер күйі түзеле бастады. Ауылымызға астанадан ақын-жазушылар атбасын жиі бұратын болды.1980 жылы Сырбай Мәуленов, Фариза Оңғарсынова, Софы Сматаев, Есенжол Домбаев т.б ақын-жазушылар шығармашылық сапармен Торғай облысына келгенде біздің ауылымызға да жолдары түсті. Елді, жерді көріп ризашылықтарын білдірді.
Ауылдағы қадірменді ақсақалдардың да орны бөлек еді. Шежіре қарттар Сейіт, Рақым аталар айтқан сан тарау әңгімелер жаныңды рахатқа бөлейтін»,-деп еске алады ұзақ жылдар бойы осы ауылда совхоз директоры болған Кенжебек Сауытов «Мәуелі Жалғызтал» атты кітапта.
1963 жылы Наурыз айының басында ежелгі ұзынаққан Терісаққан өзені бойында «Ковыльный» деп аталатын кеңшар орнады. Бұл елдімекен қазіргі уақытта «Жалғызтал» деп аталады. Дегенмен, түпкі атауы «Қараоба» болатын. Бұл жерде бұрын да ел болған. Төртуыл, Тоқтауыл, Алтай рулары мекен еткен. Кешегі Кенесары ханның бәйбішесі осы Алтай руының қызы. Хан Кенесарының жақын серігі батыр Жанайдардың оның баласы атақты Мейрамның қонысы. Терісаққан өзені басын «Желдіадыр» деген таудан алады. Ол тау осы ауылдан 90 шақырымдай жерде. Ал, аты мәлім «Ұлытау» 150 шақырым қашықтықта жатыр.
Көреген бабаларымыз бұл өңірге бостан босқа түйе шөктіріп, ат байламаған. Қонысқа жайлы, шөбі шүйгін, суы мол екенін ескерген. Бертінгі тарихында «Астықты Ковыльный», кейіннен ірі қара өндіретін «Арқалық мамандандырылған шаруашылық бірлестігі» аталып айы оңынан туған өлке.
1976 жылы мал бордақылау бірлестігінде 5 мың бас ірі қара қысқа түскен. Оны 3 бригада 17 базда бағып – күтті.Алты мал семірту алаңы болды. Ауылдың сол кезде 1300-дей тұрғыны болса, соның 460-ы еңбекке жарамды еді. Ауыл еңбеккерлері өгізшелерді 2-2,5 жыл бордақылап, әрқайсынан 400 келі салмақпен жоғары қоңдылықта мемлекетке өткізіп отырды. Осы жылдары 2900 гектар жерге бағалы дақыл – жүгері егілді. Бірыңғай жем-шөп өндіруге, мал азықтық дақыл егуге ойысты. Соның арқасында мал бордақылау ісінің майталман маманы Нұрхамит Тасмағамбетов «Еңбек Қызыл Ту» орденін омырауына тақты.
Ұзынаққан Терісаққан өзенінің бастауынан қоныс тепкен бұл шаруашылық кезінде көңіл өсірерлік көрсеткіштерімен Торғай атырабына әйгілі болған, қорасы малға, қамбасы астыққа толған, тыңмен бірге түлеген іргелі ауыл болатын. Бірлестіктің әуелгі қаз басуына аз ғана еңбек етсе де директоры Н.Нұрмұқановтың еңбегі өлшеусіз.
Заманның ағымына қарай бұл ауыл да өрлеу мен құлдырау дәуірлерін бастан өткерді. Қайта өрлеудің нәтижесінде 90 жылдардың басында егістік алқабы 25 мың гектарға жетті. Бидайдың қатты және күшті сұрыптары егілді. Ауылдың бұл өрлеу кезеңі сол кездегі директоры Тыныштық Байзақов есімімен байланысты еді. Ауыл тұрғындары Аймановтардың, Танабергеновтердің, Бейшиндердің, Оразалиндердің әулеті еңбекке белсене араласты. №1 бригада (М.Қасымов),№2 бригада (Қ.Әділов),№3 бригада (В.валюшко),№5 бригада (Б.Айманов), отбасылық жалдамалы малшылар Гүлбаршын Рамазанова, Нағашыбай Қайдопов, Бақтыбай Қабжановтар табыс селін тасытты.
Алғашқы директорларының бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері Мұхамбетжан Ешмұхамедов 1964 жылы егіннен жақсы өнім алғаны үшін «Ленин» орденін кеудесіне қадады. Бұл кісі кешегі тың игеру кезінде атақты Сартай Омаровпен бірге «Сарыөзен» кеңшарын құрысқан қайраткер болатын.
Одан кейінгі жылдарда да кеңшардың Арқалық ауданы бойынша экономикалық көрсеткіші өте жақсы болды. Жұмысшы – механизаторларға үйлер, халық игілігіне қажетті мәдени-әлеуметтік обьектілер кеңсе, мектеп, балабақша, клуб, аурухана, наубайхана, монша т.б нысандар салынды.
Сол жұмыстардың басы-қасында Іскендір Түскейұлы, Жаңабай, Майра Әбілғаппасовтар, Рахым, Кенжебай Әлімсейітовтер, Тәжмағанбет Оразалы, Сансызбай Кәрбайұлы, Шәймерден Ермекбайұлы, Омаш Ысқақұлы, Кенжалы Тоқтарұлы, Таспай Қасымов, Сұлтан Нұрпейісов, Темірхан Бейсекеев, Нұрхамит Тасмағамбетов, Қобланды Құсайынов, Мәдіғали Әлпейісов, Қайырбек Сауытов, Сапарбай Қабжанов, Жұмаш, Сартай Әбілғазиндер, Қоныс Насреддинов, Кеңес Түлендинов, Тұйғын Шұрықбаева, Қостан Мұхамеджанов, Қаналы Тасмағамбетов,Сәндібек Жүнісов, Әбілқайыр, Әбілқасым Құрмашовтар, Болат Түсіпов, озат малшы Нағашыбай Қабденов, батагөй ақсақал Ысқақ Өткелбай сынды тұлғалар бар. Міне, осы кісілердің барлығы да қажырлы еңбек етті.
Ауылдағы орта мектеп барлық әлеуметтік-мәдени шаралардың ұйтқысы болды. Мектеп директоры Иманжан Шайкамалов басқарған ұстаздар қауымы ұлағатты істерімен көпшіліктің көңілінен шықты.
Кезінде еңбек еткен аға буынның ұрпақтары да өсіп, жетілді. Сушы Тасмағамбетов, Болат Әділов, Бейсенбай Айманов, Марат, Қанат Насреддиновтар, Қайрат Алхамбаев, Болат Әлімсейітов, Бахтияр Айманов, Жанайдар Сауытовтар ел мақтанына айналды.
Ауылымызды басқарған азаматтар Төлеубай Хасенов, Александр Бруннер, Рүстем Оразалин, Кенжебек Сауытов, Қапсабыр Бейсенбаев, Владимир Кригер, Құрманғазы Жанділдиндердің есімдері ерен еңбектің белгісіндей болып, ел жадында қалды.
Әсіресе, нарық заманында ауылдастарымыз бас инженер – Қазбек Мұқашев, бас агроном -Жүсіп Өткелбаев, бас зоотехник – Тумырза Қоржынбаев жәнеЖұмаш Бекешев, Әнуар Шарафутдинов сынды азаматтар іскерлік қабілеттерімен елді өрге сүйрей білді. Кезіндегі орденді малшылардың бірі Сапарбай Қабжановтың ерен еңбегі де әсте ұмытылмайды.
Мен ел ақсақалы Қобыланды Құсайыновпен бірге осы ауылдың алғашқы қазығын қағушылардың бірімін. Міне, содан бері аттай 60 жыл уақыт өтіпті. Осы ауылдың ең бірінші әкімі болу да менің пешенеме бұйырыпты. Одан кейінгі жылдарда осы ауылда директордың орынбасары, кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия ұйымының хатшысы, бас агрономболып еңбек еттім.
«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деген. Кезінде тың жерге түрен салып, елді еңбекке ұйыстырған, халыққа құтты қоныс сыйлаған біз сияқты зейнеткерлер қазіргі таңда ауыл тұрмысының тоқырап кеткеніне алаңдаушылық білдіреміз. Ауыл тұрғындарының азайып, мектепте оқитын бала санының жетіспеушілігі туындап жатқан жағдайлар бар.Ауылдың көркейіп, гүлденгенін көргіміз келеді.
Қайырден Тұрсынбекұлы,
Арқалық қаласының құрметті азаматы.