«Алиса» қазақша сөйлейді

«Алиса» қазақша сөйлейді

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары София Синицина мен Әмина Ысқақова қолданыстағы дауыс көмекшісінің аналогын ойлап тапты және оны EWA деп атапты. Оқушы қыздар Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 «С» сыныбында оқиды. Олар бос уақыттарында ғылыми жобалар ойлап табумен айналысады.

«EWA – бірегей интеллектуалды-ақпараттық көмекші. Бұл ақылды динамиктің көптеген функциялары бар. Олардың бірі – бөлмедегі ауа температурасын, ондағы газдардың мөлшерін анықтайды. Осылайша өрттің де алдын алуға болады. Дыбыс шығаруға арналған құрылғыны өндірісте де, үйде де қолдануға болады. EWA математика, физика, химия, биология пәндері бойынша түрлі есептерді шығара алады. Сондай-ақ, ол уикипедиядан сұрауларды оңай тауып береді, кез келген ертегілерді қазақ тілінде айтады әрі шамдарды қосу-өшіру секілді тапсырмаларды жіті орындайды», – дейді Әмина Ысқақова.

Әмина мен София EWA-ны жасауға үш айдай уақыт кеткенін, көп уақытты қазақ тілін енгізу мен ақпараттар ағынын орналастыру алғанын айтады.

«Біз бұл салада бірде-бір отандық өнім көрмедік, сондықтан өз үлесімізді қосқымыз келді. Біздің құрылғы міндетті түрде қазақ тілін түсініп, сол тілде сөйлеуі керек еді», – деп атап өтті София Синициа.

Дыбысталуы компьютер арқылы жасалған, ал адамның дауыстап оқыған нұсқасын енгізуге көбірек уақыт керек. Мысалы, білікті диктордың дауысын жазып, оны енгізу үшін кемі 270 сағат уақыт кетеді екен.

«Оны жүзеге асыруға бізде қаражат пен уақыт болмады. Сол үшін адамның қатысуынсыз жасадық», – дейді оқушы қыздар.

Ғылыми жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Александр Шерцер қыздардың болашағынан зор үміт күтеді:

«Жақында республикалық ғылыми жобалар байқауынан жүлделі екінші орынды иеленді. Бұл – бірегей жоба. «EWA» – математика, физика және биологиядағы есеп шарттарын дауыспен енгізу және шешу, тегін ақпарат көздерінен, WolframAlpha және т.б. сұрақтарға жауаптарды дауыс арқылы іздеу, құрылғыларды дыбыстау арқылы басқару, мысалы, бөлмедегі жарықты қосу, бөлмедегі температура мен көмірқышқыл газының датчиктерінің күйі туралы мәліметтер алу, қазақ және орыс тілдеріне аудармашы, ойын-сауық функциялары және ертегілерді жаңғырту», – дейді Александр Шерцер.

Дарынды қыздар, алдағы уақытта ғылыми жұмыстарын ары қарай жетілдіріп, жаңа белестерді бағындырмақ ниетте. Бізде ізденімпаз оқушыларға сәттілік тіледік.

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

Жаңалықтармен бөлісу