“Ауыл аманаты” бағдарламасының мақсаты қандай? Бағдарлама қалай жүзеге асырылады? Шарты оңайлатылған несие кімдерге тиесілі? Осы сұрақтар төңірегінде ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Төлеутай Ержановпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
Төлеутай Сейітбекұлы, “Ауыл аманаты” бағдарламасын іске асыруға қанша қаражат бөлінді?
Қостанай облысына 1,6 млрд теңге бөлінді. ҚР АШМ-не қосымша 2,4 млрд теңгеге бюджеттік өтінім жолданды. Қаражатты ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, кәсіпкерлікті дамытуға бизнес-жобаларды кредиттеуге жіберу жоспарлануда.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – микрокредит беру арқылы ауыл халқының табысын арттыру, ауылдық өндірістік кооперативтерге біріктіру мүмкіндігі. Табысы төмен халықтың санын азайту, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың, жұмыссыз отбасылар санын азайту.
Микрокредит алу кезінде қарыз алушыларға қойылатын талаптар қандай?
Негізгі талаптар:
– қарыз алушының жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі немесе ауылдық өндірістік кооперативтің ашылуы;
– басқа кредиттер бойынша мерзімі өткен жарналардың болмауы;
– Мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы;
– қарыз алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс;
– несиені кепілмен қамтамасыз ету.
Кредит берудің шарттары қандай?
Өсімдік шаруашылығындағы микрокредит берудің мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласында – 7 жылға дейін. Микрокредиттің ең көп сомасы 2,5 мың АЕК (8,6 млн теңге), зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8 мың АЕК (27,6 млн теңге). Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5% құрайды.
Бағдарламаны іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдар қандай жұмыс жүргізді?
Тәжірибені зерделеу үшін жұмыс тобы Жамбыл облысына барып, бағдарламаға қатысушылармен, мемлекеттік органдармен кездесулер өткізді.
Апта сайын аудандардың және Арқалық қаласының әкімдіктерімен селекторлық кеңестер өткізіледі. 31 наурызда өңірлік коммуникациялар қызметінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары және ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мал шаруашылығы бөлімі басшысының қатысуымен брифинг өткізілді. Онда микрокредит берудің талаптары мен шарттары түсіндірілді.
Осы жылдың 5 және 21 сәуірінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Тобыл ӘКК» АҚ өкілдерінің қатысуымен аудандар мен Арқалық қаласы әкімдіктерінің мамандарымен кредит беру шарттарын, қажетті құжаттар тізбесін, оларды толтыруды, кепілдерді және басқа да туындайтын мәселелерді түсіндіру бойынша офлайн оқыту өткізіледі.
Қарыз алушыларға қойылатын талаптар жөнінде ақпаратты қайдан алуға болады?
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының сайтында «Ауыл Аманаты» бөлімі құрылды, онда бағдарламаның шарттары, қажетті құжаттардың тізбесі (толтыру үлгілері), сондай-ақ Кредит беру қағидалары орналастырылған.
Кредит беру шарттары аудандар мен Арқалық қаласы әкімдіктерінің сайттарында да бар, жергілікті жерлерде тұрақты негізде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қосымша ақпаратты аудандар мен ауылдық округтердің әкімдіктерінен алуға болады.
Кредит беруді кім жүргізеді және өтінімдерді қабылдауды кім жүзеге асырады?
Бүгінгі таңда аудандарда әлеуетті қарыз алушылармен қажетті құжаттар тізбесін жинау және кепіл мүлкін бағалау бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Тобыл» ӘКК» АҚ сенімді агент ретінде белгіленді. Өтінімдерді қабылдау мамыр айының басында басталады.
Сұхбатыңызға рахмет!