Мемлекет басшысы мамыр мерекелері мен Жеңіс күні қарсаңында қазақстандықтардың қатысуымен «Еркін ел ұрпағы» жалпыұлттық патриоттық диктантын іске қосуды тапсырған еді. Осыған байланысты, Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапханасында өткен іс-шараға 70-ке жуық адам қатысты.
Жалпыұлттық диктант бүкіл ел көлемінде 4 мамыр күні сағат 11.00-де басталды.
«Еліміздің егемендігін дәріптеу, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мұраттарды бойына сіңірген патриоттық рухтағы ұрпақ тәрбиелеу мақсатымен ұйымдастырылған диктант жас буынның сауатын бір бақылау мүмкіндігі әрі жас буынның елге деген махаббат сезімін оятары сөзсіз. Қатысушылардың жас ерекшеліктеріне шектеу қойылған жоқ», – дейді оқыту орталығының әдіскері Алтын Тасмағамбетова.
6697 әскери бөлімінің қызметшісі Бектас Ғазымжан диктант мәтіні қиынға соқпағанын айтады.
«Мұндай іс-шаралар қатысушылардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтап, сауатты жазу дағдыларын қалыптастырады. Өзім алғаш рет қатысып отырмын. Біз білімімізді тексеріп қана қоймай, сол арқылы өзіміз сияқты жастарға үлгі көрсетеміз. Барлық азамат тілді біліп, сауатты жазуға дағдылануға тиіс», – дейді Б. Ғазымжан.
Диктант мәтінін облыстық тілдерді оқыту орталығының мамандары оқыды. Іс-шараға полиция департаменті, 6697 әскери бөлімінің қызметшілері, Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы, Қостанай санитариялық-эпидемиологиялық департаменті, қаржы басқармасы, статистика департаментінің өкілдері қатыстырылды. Олардың арасында «Тілдарын» оқыту орталығының тыңдушылары да бар.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген Б.НҰРМҰХАНОВ.