Биыл жиырмадан аса ауылға су тартылады

Биыл жиырмадан аса ауылға су тартылады

Биыл облыс аудандарының жиырмадан аса ауылына сапалы ауыз су тартылады. Осылайша, 2025 жылға дейін Қостанай облысының барлық елді мекендеріндегі бұл мәселе шешімін табады. Облыс әкімдігінде өткен жиында энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дәурен Асқаров қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау мәселесін баяндап берді.          

Сумен жабдықтау жобаларын қаржыландыру жыл сайын артып келеді. 2020 жылы 11,1 млрд теңге бөлінсе, биыл шамамен екі есеге артып, бұл көрсеткіш 21,1 млрд теңгеге жеткен. Десек те, бөлінген қаржыны игере алмаған аудандар бар.

– Мысалы, Арқалық қаласының әкімдігі 2021 жылы Үштөбе ауылын сумен жабдықтау жобасы бойынша 12,2 млн теңгені, 2022 жылы Северный кентіне су тарту жобасына бөлінген 39,4 млн теңгені игерген жоқ. Ал, Ұзынкөл ауданында 2021 жылы Ершов ауылына су тартылмай қалды. Оған 348,7 млн теңге бөлінген еді. 2022 жылы үш ауыл сусыз қалып, 99,3 млн теңге игерілмеді, – деді басқарма басшысы Д. Асқаров.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов ақшаны игермеген аудан әкімдерін сынға алды. Жұмысты тыңғылықты орындай алмаған әкімдерден қатаң сұрау болатынын жеткізді.

– Бөлінген қаржыны қажетті жеріне жұмсай алмадыңыздар. Аудан әкімдері қимылдау керек. Нақты жоспар бекітілген. Сіздердің жайбасарлықтарыңыздан қаншама ауыл халқы таза ауыз сусыз қалды. Ендігіде осындай жағдай қайталанса, жаза қатаң болады, – деді облыс әкімі.

Мемлекет  басшысы 2025 жылдың соңына дейін қалалар мен ауылдарды 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған еді. Осының негізінде биылдың өзінде 52 жоба жүзеге асырылады.

Басқарма басшысының мәліметінше, өңір аудандарының 24 ауылы алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосылатын болады. Бұл 17,5 мың тұрғынды қамтиды. Ал, 11 ауылда сумен жабдықтау жақсартылып, 4,6 мың халқы бар 8 ауылда суды тазарту пунктілері салынады.

– Орталықтандырылған сумен жабдықтау жұмыстары Жанкелдин ауданының Шеген, Денисов ауданының Красноармейский, Приречен, Окраин, Свердлов және Подгорный елді мекендерінде жүргізіледі. Сондай-ақ, осы жұмыстар Қарабалық ауданының Лесной, Новотроицкі, Қостанай ауданының Владимиров, Садчиков, Мәскеу, Александров, Половников, Айсары ауылдары және Жітіқіра ауданының Чайковский ауылында, Ұзынкөлдің Ершов, Пресногорьков, Федоров ауданының Ленин, Заозерный, Первомой, Чистый чандак және Арқалықтың Үштөбе ауылы мен Сарыкөлге қарасты Қараоба ауылында жалғасады, – деді басқарма басшысы.

 

Жаңалықтармен бөлісу