Есірткі заттарын жарнамалағаны үшін сотталды www.gov.kz

Есірткі заттарын жарнамалағаны үшін сотталды

Лисаков қалалық сотында есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын, прекурсорларды заңсыз жарнамалағаны үшін Д.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, осы жылдың наурызында Д. Лисаков қаласында адам көп жиналатын және өтетін жерлеріндегі ғимараттар мен құрылыстардың қоршауларында, қабырғаларында есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымы туралы мәліметтерді қамтитын телеграм арналарға сілтемелер түрінде граффити салу арқылы есірткі құралдарымен психотроптық заттарды заңсыз жарнамалаған.

Жұмысты орандаған соң Д. Смартфонның көмегімен телегармм арналарының анықталмаған операторларына есеп жіберіп, ол үшін психотроптық зат түрінде заңсыз сыйақы алып отырған.

Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін толық мойындады.

«ҚК-нің 299-1 бабы 2-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп немесе тәркіленбей, үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі баламасыз жазаны көздейді. Жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін жағдайлар ретінде сот кінәні толық мойындауды, жасаған ісіне өкінуді, жағымды сипаттаманы ескерді. Сот ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ», – деп хабарлады Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сотталушының жеке басын, жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот Д.-ға 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушы сот залында қамауға алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сералы МЫРЗАБАЙ