Жітіқарадағы «Жерлестер форумы»

Жітіқарадағы «Жерлестер форумы»

Жітіқара ауданының 95 жылдығына орай аймақта тұңғыш рет «Жерлестер форумы» өтті. Ауқымды іс-шараға осы өлкеден түлеп ұшқан азаматтар келді. Туған елден жырақта жүрген жерлестердің арасында зиялы қауым өкілдері де, лауазымды шенеуліктер де, кәсіпкерлер мен танымал өнер және мәдениет қайраткерлері бар.

            Форум барысында «Рахмет саған – Туған ел!» жобасы аясында қонақтар Абай атындағы мектеп-лицейдің және №12 жалпы білім беретін мектептің оқушыларымен кездесті.

– Форумға Жітіқара жерінен өсіп, өңіп қазіргі уақытта еліміздің әр түкпірінде табысты қызмет істеп жүрген сала маманандары шақырылды. Мектеп оқушыларымен кездесіп, өздерінің тәжірибесімен бөлісті. Қонақтар сала бойынша сегіз алаңда өскелең ұрпақпен әңгіме өрбітті. Жітіқара моноқала санатына жатады. 2025 жылға дейін даму жоспары құрылған. Демеушілік жасауға табысты жерлестерімізді тартып, қаланың немесе аудан көлемінде әлеуметтік нысандарға қолдау білдіруге шақырамыз,– деді Жітіқара ауданының әкімі Нұржан Өтегенов.

Оқушылармен кездесу барысында өңірдің тумасы Кеңес Садықов кәсіпке келу жолын баяндады. Жастар да өз тараптарынан қызығушылық танытып, сұрақтар қойды.

– Жітіқарада туып, өстім. Қазір Алматы қаласында тұрамын. Форумға арнайы шақырту алып, келіп жатырмын. Ұмытпаған жерлестерге алғыс айтамын. Ауданның жағдайы жақсы, марқайып тұрмын. Алдағы уақытта өз қаражатым есебімнен аудан орталығына шынықтыру-сауықтыру спорт кешенін салып беруге уәде еттім, – дейді кәсіпкер К. Садықов.

Кездесуден соң конференция ұйымдастырылып, ауданның тіреуіші саналатын тау-кен кәсіпорындарының басшылары баяндама жасады. Аудан өнерпаздары жиналғандарға концерттің бағдарлама көрсетіп, өнерлерін паш етті.

– Жыл сайын әкімдікпен келісім-шартқа отырып, ауданның әлеуметтік саласына қолдау білдіреміз. Денсаулық, білім саласына спортты дамытуға өз тарапымыздан қаржылай көмектесіп келеміз. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар да біздің назардан тыс қалмайды. Осы жылы 203 млн теңгеге меморандумға қол қойдық. Осының арқасында әлеуметтік маңызға ие 7 жоба жүзеге асырылатын болады. Ең ауқымдысы аудан орталығындағы стадионды жаңғыртамыз. Үлкен футбол алаңы жаңартылып, жүгіру жолағы салындады. Орындықтардың жаңасы орнатылып, жарықтандыру жүргізіледі, – дейді «Комаров тау-кен кәсіпорны» ЖШС өкілі Антон Труханов.

Шалғайдан келген жерлестер «Ботакөз» спорт кешенінің жанынан шағын футбол алаңының ашылуына қатысты. Жерлестер форуымы кешеннің қасындағы бос алаңға ағаш отырғызумен аяқталды. Ол жерге 40 түп алма ағашы егілді.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ,

Суреттерді түсірген Бибіт МИРАМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу