Бүгінгі «Сән мен сымбат» айдарының кейіпкері Қостанай қаласының тұрғыны – Гүлжанат Нұржан. Ол әйелдерге арналған қажекей мен этно шапандарды ұлттық нақышқа бейімдеп, әшекейлермен безендірумен айналысады. Бұйымдары көздің жауын алады.
Гүлжанат Түйебайқызы Жанкелдин ауданы Қызбел ауылында туып өскен. Мамандығы – мұғалім. Үш бала тәрбиелеп отырған ана. Қолөнерге бейімділігі анасынан дарыған екен.
«Мектеп бітірген соң филология мамандығы бойынша білім алдым. Қазіргі таңда Қостанай гуманитарлық колледжінде жоғары санатты оқытушымын. Марқұм анам қол машинасымен көрпе-жастықтан бастап, сырмақ, кілем тоқу, көйлек, күртеше тігудің хас шебері еді. Анамның қол машинасы бар. Оқудан босағанда қасында отырып, ине сабақтау, машинканың екінші жағында отырып қолымен ұстап тұру секілді ұса-түйектеріне көмектесетінмін. Содан бері лөнерге деген қызығушылығым оянды. Қазір шығып жатқан этно шапандарды тапсырыс берушінің қалағанындай етіп, түрлі салпыншақ пен ою – өрнекпен әсемдеп беремін”, – дейді ол.
Бұйымдарын заманға сай безендіріп, той-думан жиындарға өзі киіп насихаттайды. Қызығушылық танытатын адамдар өте көп. Алғашында сату деген мүлде ойында болмапты.
“2021 жылы бір тойға киіп барғанымда сол тойдың барлық қыз-келіншектерінің көзі түсіп, бізге де тігіп бер деп қолқа салды. Қазіргі таңда сұраныстар жиі түсіп тұрады. Ал, әшекей бұйымдарды үйде жасаймын анда-санда үлкен ұлым көмектеседі. Қазақи нақышта шекелік, белдік, сырға жасаймыз. Қажет металдарды тапсырыспен алғызамын”, – дейді Гүлжанат кейіпкеріміз.
Шебер болашақта ұлттық брендті қалыптастырып, киім тігетін цех ашқысы келетінін айтады. Шетелдіктер де қазақстандық сайт арқылы тапсырыс беріп, көтерме бағамен алдыртса дейді.
“Жалпы ойым жеңіл өнеркәсіпті дамытуға үлес қоссам деймін. Мақтадан жіп дайындау, тері өңдеу сияқты. Бұлар орындала ма, жоқ па уақыт көрсетер, бірақ оқыту, үйрету қолымнан келеді. Сондықтан бір машианмен өз отбасын асырай алатын қыз-келіншектерге білгенімді үйретсем”, – дейді шебер.
Кейіпкеріміз жасаған әр туынды бір-біріне ұқсамайды, сонысымен барлық қыз-келіншектердің көңілінен шығып отыр.
Ұстаздықпен қатар қазақтың қолөнерін насихаттап жүрген кейіпкеріміздің ісіне сәттілік тілейміз.