Қостанайдағы “Қоғамдық келісім” мекемесін достықтың мекені десек болады. Ол жерде әртүрлі этномәдени бірлестік бар. Олар қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ел бірлігі мен татулығының берік сақталуына үлес қосуда. Мекемедегі белсенді бірлестіктің бірі – “Бірлік” әзербайжан этномәдени орталығы. Мереке қарсаңында аталмыш орталықтың төрағасымен кездесіп, аз-кем әңгімелестік.
Этномәдени бірлестіктің төрағасы отбасымен Қостанай қаласында 2006 жылдан бері тұрып жатыр. Оған дейін Ақтөбе, Орал қалаларында тұрмыс кешкен. Жұмыс бабымен еліміздің батысынан Тобыл төріне қоныс аударуға тура келген. Себебі, қарамағындағы компания астық өнімдерін экспорттаумен айналысады. Қамбалы Қостанай – еліміз бойынша астықтың астанасы екені бәріне мәлім.
– Астықты аймақта жұмыс істеу ыңғайлы. Сондықтан кәсіпорын Қостанайға көшірілді. Отбасымды алып Тобыл жағалауындағы шаһарға орналастым. Келісімен осындағы Достық үйінің жұмысына өз үлесімді қосуға ниет білдірдім. Сол 2006 жылдан бастап есептесек, он жеті жылдың көлемінде қоғамдық жұмыспен айналысамын. Алғашында “Бірлік” этномәдени бірлестігінің белсендісі болдым. Жеті жыл төрағаның орынбасары ретінде еңбек еттім. 2019 жылдан бастап мені төрағалыққа бекітті. Жұбайым Ягут Умудварқызы да маған қолдау білдіріп, этномәдени бірлестік жанындағы әйелдер кеңесін басқаруда. Сондай-ақ, Достық үйіндегі жексенбілік мектепте әзербайжан тілінен сабақ береді, – деді Рафаил Гаджибалаев.
Кейіпкеріміздің екі ұлы бар. Үлкені Мурад кәсіпорында, әкесімен бірге жұмыс істейді. Ол мектепті бітірген соң Алматы қаласында жоғары білім алған. Экономика, қаржы, маркетинг саласы бойынша білікті маман. Кіші ұлы Руслан студент. Британиядағы университетте оқиды. Демалыста үйіне, ата-анасының жанына келген екен. Біз сұхбаттасқан күннің ертеңіне шетелдегі оқуына аттанды. Гаджибалаевтар отбасы Достық үйі ұйымдастыратын кез келген іс-шараға белсенді түрде үлес қосумен келеді. Мерекелік кештерден бөлек қайырымдылық жасауға қашан да әзір тұрады. Отбасы мүшелері Рафаил мырза төрағалық ететін бірлестіктің жұмысын алға сүйреп, жан-жақты қолдау білдіреді. Айтпақшы, Қазақстанда 200 мың әзербайжан бар. Соның бес мыңға жуығы Қостанай облысының аумағында тұрады. “Бірлік” этномәдени бірлестігінде тек ғана әзербайжандар ғана емес, бірнеше этнос өкілдері басқосқан отбасылар көп екен. Соның бәрі бірге мерекелерді атап өтіп, іс-шараларға ұйымшылдықпен қатысады.
– Бірлік күні – еліміздегі айтулы мерекелердің бірі. Себебі, біздің еліміз түрлі этностың басын қосып, бейбітшіліктің алтын ұясына айналған берекелі мемлекет. Татулық пен келісімнің арқасында достығымыз жарасып, өзара түсіністікте өмір сүріп келеміз. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы толеранттылықты, татулықты насихаттаудағы ең маңызды институтқа айналды. Біз этносаралық қарым-қатынас тұрғысынан теңдессіз түсіністікке қолжеткіздік. Біздің ортақ Отанымыз бар. Ол, әрине – Қазақстан. Әрқайсымыздың түріміз, тіліміз әртүрлі шығар. Бірақ, мақсатымыз, ұстанымымыз бір. Мереке қарсаңында барлық жерлестерімді шын жүректен құттықтаймын! Ел ішінде татулығымыз берік орнап, бірлігіміз әрі қарай салтанат құрсын. Бәріміз жұмылып жұдырық болып әрекет етсек, мемлекетіміз алға қарай қарыштап дами береді. Біздің еліміздің ең басты құндылығы адам капиталы. Әртүрлі адамдар бірігіп, бір ел-бір халықты құрайды. Сол халық өзара тату өмір сүрсе деп тілеймін, – деді “Бірлік” әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Рафаил Гаджибалаев.
Қымбат Досжанова.