7 июня, 2025
Мәңгілік мұра, сарқылмас қазына

Мәңгілік мұра, сарқылмас қазына

Қазақстанның мерекелік күнтізбесі биыл тағы бір жаңа мерекемен толықты. Бұл – 23 сәуір Ұлттық кітап күні. Мемлекет басшысы үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына сәйкес Ұлттық кітап күні мерекесі жарияланды. Мерекелік күнтізбелер қатарына кірген осындай атаулы күннің еліміз үшін маңызы өте зор.

Ұлттық кітапхана басшысы Ғазиза Құдайбергенқызы тілшілерге берген бір сұхбатында:

«Кітапхананың, кітапханашылардың негізгі бағыты – кітап оқуды насихаттау. Бірақ оқырман және кітап тақырыбымен тек кітапханашылар айналыспауы керек. Бұл – отбасы, қоғам, бүкіл мемлекет болып айналысатын дүние» деп айтқан мерекеге қатысты жақсы пікірі бар. Жылдың бір күнінде ғана Ұлттық кітап күнін атап өтіп қоймай, кітап оқу талап етіліп жиі насихатталып отырса оқитын озық ойлы оқырманның да қарасы көбейері сөзсіз.

Әдебиетіміз бен тарихымызға терең бойлап, халықтың таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастыратын, әрдайым өз мақсатынан жаңылмайтын А. С. Пушкин атындағы қалалық балалар кітапханасы 23 сәуір күні Ұлттық кітап күніне арналғанкүні бойына мерекелік іс-шаралар легін өткізді.

Іс-шараның салтанатты ашылуы әлемдік деңгейде ойып тұрып орын алып, көптеген оқырманның жүрегіне жол тапқан кітаптар шеруімен басталды. Кітапхананың кішкентай бүлдіршіндеріне арналған бөліміндегі алаңда №2 мектеп-гимназиясының оқушылары сан түрлі викториналар, гүл кестесімен жасырылған жұмбақтар арқылы ертегі әлеміне саяхаттады.

Ал ересектерге арналған бөлімдегі алаңда «Қазтұтынуодағы Қостанай жоғары экономикалық колледжі» студенттерінің құрамынан құрылған «Эристика» дебат клубы, № 8 ЖББМ «Союзники» дебат клубы мен № 22 ЖББМ «Демосфен» дебат клубтарының мүшелері «Кітап оқу: сән бе, әлде қажеттілік пе?» тақырыбында пікір алмасып, кітап оқу арқылы, білімді тереңдетуге, ойды жүйелеуге және шығармашылық қабілетті дамытуға көмектесетіні жайында тұжырым жасап, жеңімпаз болған № 22 ЖББМ «Демосфен» командасы кубокпен марапатталды.

Сонымен қатар ересектер алаңында өткен «Ұлттық кітап қазынасы» атты әдеби монополия ойынына қатысқан Ғафу Қайырбеков атындағы № 9 ЖББМ мен «Qazbilim» ұлттық лицейі оқушыларының құрамынан құрылған командалар қазақ әдебиеті және тарихына қатысты болған сұрақтарға жауап беріп, монополия ойынының ережесіне сай ойын валюталарымен елу үш мың үпай жинап білім сайысынан мен «Qazbilim» ұлттық лицейінің оқушылары үздік болып жеңіске жетіп кубокпен марапатталды.

«Бітер істің басына жақсы келер қасына» дегендей, іс-шараның жақсы деңгейде өтуіне мұрындық болған «Большевичка» тігін фабрикасы және оның басшысы Жетпіспаев Арсен Мұхамеджанұлы қатысушыларға тәтті сыйлықтар мен кубоктар тарту етсе, «HeliumBALLOoNS» гелді шар кәсібінің иесі, жеке кәсіпкер Овсюкова Виктория Ивановна мерекелік іс-шараны түрлі-түсті гелді шарлармен безендіріп жастарды кітап оқуға ынталандыруға, қызығушылығын оятуға ат салысты.

Ұлттық кітап күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысқан барша оқушылар мен оқырмандар әсерлі көңіл-күймен тарқасты.

Ботакөз Дүйсембаева,

А. С. Пушкин атындағы ҚБК

кітапханашысы.