Қостанайлық полицейлер “Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу шарасының бірінші күні 12 қылмыс ашты.
26 сәуірден бастап облыс аумағында “Құқықтық тәртіп” республикалық шарасы басталды. Құқықтық тәртіп сақшылары, әскери қызметшілер мен еріктілер елді мекендерді, әкімшілік учаскелерді және саяжай алаптарын патрульдеуге көп көңіл бөледі. Сондай-ақ, рейд шеңберінде елде болу ережелерін бұзған шетелдіктерді анықтау, есепке алынатын адамдарды бақылау бойынша жұмыс көзделген.
– “Құқықтық тәртіп” ЖАШ өткізу барысында мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Бірінші күні Қостанай мен Рудныйда 12 қылмыс, бұрын жасалған 2 қылмыс ашылды. Іздеуде жүрген екі қылмыскер ұсталды. Есірткі заттарын сақтау мен өткізудің 2 фактісі анықталды, – деді полиция подполковнигі Марат Сахратов.
Бұның сыртында, полицейлер тұрғын үй массивін аралап, жалға берілетін пәтерлерді, сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған 1500-ден астам адамды тексерді. Облыстағы “Құқықтық тәртіп” ЖАШ 28 сәуірге дейін жалғасатын болады.