Қор мақсаты – қолдау көрсету

Қор мақсаты – қолдау көрсету

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Қостанай облысындағы күндері өтуде. Қордың басым бағыты  білім беру мен инклюзаға қолдау көрсету. Арнайы келген сарапшылар шеберлік дәрістерін оқып, балаларды оңалту орталықтарының жұмысымен танысуда.

            Қор өкілдері Рудный қаласындағы “Қамқорлық” балаларды оңалту орталығына барды. Бұл орталыққа 3 пен 18 жас аралығындағы ерекше қажеттілігі бар балалар келеді. Жылына 600 адамға қызмет көрсетеді. Мұнда церебральды сал ауруы, мидың, жұлынның туа біткен ақаулары, нейроинфекцияның салдары, тағы басқа диагноз қойылған балалар жүгінеді.

            – Жас таланттарға қолдау көрсету, өзін-өзі танытуға жаңа мүмкіндік жасау, Қазақстанда инклюзияны дамытуға жәрдемдесу – бұл Нұрсұлтан Назарбаев Қорының басты міндеті. Біз ұзақ жыл бойы өте маңызды жобаларды бірлесіп жүзеге асырған серіктестерімізге ризамыз. Атап айтқанда, бұл өңір әкімдіктері, Samruk-Kazyna Trust және «Қазақстан халқына» қоры. Олармен тізе қоса отырып «Қамқорлық» жобасын іске асырамыз, – дейді орталықты аралаған Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.

Айтуынша, қазірдің өзінде 15 оңалту орталығы, 8 ерте араласу орталығы, 16 инклюзияны қолдау кабинеті және аутизмі бар балаларға арналған 2 орталық ашылған. Осы жылы тағы 12 ерте араласу орталығын, аутизммен ауыратын балаларға арналған 6 орталықты және 6 оңалту орталығын ашу көзделіп отыр.

А.Байтұрсынұылы атындағы ҚӨУ жанындағы цифрлық технологияларды дамыту орталығында мұғалімдерге арналған спорттық робототехника бойынша оқу курсы өткізілді. Мұны Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен елордалық жетекші «Роботек» робототехника мектебі ұйымдастырған. Онда Smart Сity Astana IT University ғылыми-зерттеу орталығының директоры Дидар Еділхан шеберлік дәрісін берді.

           – Аймақтарда өткізілетін курс мұғалімдерге оқыту дағдысын жетілдіруге және оқушыларды робототехника бойынша түрлі турнирлерге дайындауға көмектеседі, – дейді ол.

Сонымен қатар, ҚӨУ-да тәжірибелі медиаменеджер, медиатехнолог Мирхат Әжіғалиев болашақ журналистермен кездесті. Шеберлік дәрісі кезінде БАҚ-қа сапалы материалдар дайындау дағдысы мен тәсілдері, медиа басылымда тиімді жұмыс істеу айтылды.

Ауыл шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытқандар үшін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Өсімдіктерді қорғау және карантин» кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты В.Хасанов шеберлік дәрісін ұйымдастырды. Бұған қоса, қостанайлық жоғарғы оқу орнында әлеуметтану магистрі, «Kazakhstan Sociology Lab» әлеуметтанушылар мектебінің басшысы Әлия Сәрсекеева мектептің тұсауын кесіп, «Зерттеушінің жұмысына арналған құралдар» шеберлік дәрісін өткізді. Іс-шараға студенттер мен талдау ұйымдардың өкілдері қатысты.

            – Әлеуметтанушылар мектебі көптеген әлеуметтік-гуманитарлық ғылымда, саясатты зерттеуде қолданылатын заманауи пәнаралық бағыттар мен әдістерді қамтиды. Дәріс барысында ғылымның жаңа пәнаралық саласының тоғысқан жеріндегі деректерді талдаудың заманауи әдістері туралы түсіндіріп бердім. Талдау барсында халықаралық тәжірибені назарға алдық. Қазақстанда да әлеуметттанушылар мектебінде осы бағытта оқытып жатырмыз, – деді Әлия Сәрсекеева.

Жаңалықтармен бөлісу