Қостанай ауданаралық сотында албарға кіріп, мал ұрлаған топтарға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы 2024 жылғы желтоқсан мен 2025 жылғы ақпан аралығында Қостанай ауданы Шеминов ауылында топтасып “Ш” ЖШС мал шаруашылығы кешеніне заңсыз кіріп, ЖШС-не тиесілі жалпы құны 1 200 000 теңгеге бағаланатын үш ірі қара малын жасырын ұрлап әкеткен.
Прокурор сотталушыларға 5 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Ал жәбірленуші болса сотталушылармен арасында медиациялық келісім жасалғандықтан бас бостандықтарынан айырмауды сұрады.
“Сотталушылар кінәсін мойындады, істеген істеріне өкініш білдірді. Жаза бойынша, ҚК-нің 188-1-бабы 3-бөлігі санкциясы мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сотталушыларға жаза тағайындау кезінде сот олардың жауапкершілігін жеңілдететін мән – жайлар ретінде жасаған ісіне өкінуді ескерді”, – деп хабарлады Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сот жеке басын, жасалған іс-әрекеттердің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайларын ескере отырып, сотталушыларға ҚК-нің 63-бабы бойынша шартты түрде 5 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады. Медиациялық келісімнің бекітілуіне байланысты азаматтық талап қою бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Сурет: ЖИ