Қаржы мониторингі агенттігі Қостанай облысы департаментінің қызметкерлері Ресейден кіргізілген астық көлемін төмендетіп, “көлеңкелі” импортпен айналысатын қылмыстық топты анықтады.
Бұл туралы ҚМА баспасөз қызметі хабарлады. Аталған тұлғалар 2021-2022 жылдар аралығында Өзбекстан Республикасына 500 млн теңгеден астам сомаға 4,8 мың тонна көлемінде ресейлік астықты экспорттаған. Бұл ретте, аталған астықты экспорттау кезінде халықаралық транзиттік тарифті төлеуден жалтару үшін оны қазақстандық тауар ретінде отандық шаруа қожалықтарының жалған шот-фактураларын пайдаланған. Соның арқасында 88 млн теңге мөлшерінде транзиттік тарифті төлеу міндетінен құтылып кеткен.
“Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі”, – делінеді хабарламада.