20 сәуірден бастап мессенджерлерде Қазақстанда 26 сәуір мен 10 мамыр аралығында интернет болмайтыны туралы дыбыстық хабарлама тарады. Аудио жазбада бақылау-касса аппаратын пайдаланатын кәсіп иелеріне калькулятор, таразы қолданып, халықтан қолма-қол ақша ғана қабылдау керегі ескертілген. Осы хабарламаның жалған-шыны туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі ақпарат берді.
Мамандардық айтуынша, аталған ақпарат шындыққа жанаспайды. Байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік органнан 26 сәуірі мен 10 мамыры аралығында Қазақстанда интернет желісінің болмайтыны туралы ақпарат келіп түспеген.
«Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитеті деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасында (БКМ) техникалық ақауы болған, электр энергиясы немесе телекоммуникация желісіне қосылу болмаған жағдайда БКМ автономды жұмыс режимінде жұмыс істейтінін хабарлайды. Кассалық аппараттың автономды режимге өтуі туралы кассирге хабарланады», – делінеді ақпаратта.
БКМ Автономды режимде болған кезде түбіртектерді басып шығаруды жалғастыра алады. Барлық басылған чектер касса машинасының жадында сақталады екен. Сондай-ақ, БКМ жинақтауышында сақталған деректер негізінде Z-есебін жасауға мүмкіндік бар.
«Автономды режимде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы жоқ машиналар 72 сағат жұмыс істей алады. Олар автономды режимге көшкен соң жауапты тұлға машиналарды пайдалану кезінде «Бақылау-касса машиналарын қолданудың кейбір мәселелері туралы» ҚР Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы №208 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша тауар түбіртектерін беруі қажет. Түбіртектер кітабын мемлекеттік кірістер органдарында тіркемей толтыруға болады», – деп түйіндейді комитет мамандары.