Әуежай ауданында екінші мектеп ашылды

Әуежай ауданында екінші мектеп ашылды

Әуежай шағын ауданында шамамен он бес мыңдай адам бар. Оның бес мыңы балалар. Ол жерде ашылған екінші «Жайлы мектептің» арқасында тоғыз жүз жеткіншек білім алады.
Педагогикалық еңбек ардагері, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі Бекежан Құшмұрзин, «Асти» құрылыс компаниясының директоры Антон Квон және Қостанай қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Татьяна Искандирова жаңа білім ордасының лентасын қиды.

Жиналған қауым жетінші сыныптың зертхана жұмысына куә болды. Химия пәнінің бұл сағаты сілтілік ертінділердің күйін құбылтуға арналған болатын.

 

Алтын есімді оқушы суға ас содасымен ертіндіні араластырып, табиғи зат ретінде сірке қышқылын қосу арқылы түрлі-түсті өнім алды. Сыныптасы Саяжан оның түсін құбылтуға үлес қосты.

«Қышқыл мен сілтілердің әсерінен табиғи түске айналатын нәрсе индикатор деп аталады. Қышқылды алып лакусқа құяды. Оған сілтілерді қосқанда алынған заттың түсі өзгереді. Осылай әртүрлі заттың арқасында сұйықтың түсін өзгертуге болады», – деп түйді болашақ ғалым  Саяжан.

Жеткіншектердің ынта-ықыласына ризашылығын білдіріп, келешегіне табыс тілеген облыс басшысы білім ордасының маңызы мен бағытына тоқталып өтті.

«Бұл тұрғындар үшін жаңа әрі қолайлы білім ордасы болмақ. Әлемдік трендтерге сай келеді. Интерактивті оқу құралдары, stem зертханасы, пәндік кабинеттері өз алдына, жасанды интелект пайдалануға вертуалды тәжірибелер жүргізе алады. Өз таланттарын дамыта алатын хореографиялық, коворкинг аймақтары жасалған. Алайда бұл біз үшін қалыпты жағдайға айналуға тиіс», – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Зухра Серікбай аталған мектептің оныншы сыныбын аттағалы тұр.

«Осы мектептің басты ерекшелігі – заманауилығы мен кеңдігі. Әрбір сынып жаңа технологиямен жабдықталған. Оқу процесі нақты режиммен жүргізіледі. Оқушыларға барлық жағдай жасалған. Бұл мектептің бізге ұнайтыны – болашаққа бағытталғаны», – дейді Зухра Серікбай.

Құрбысы Алтынай Садуақасованың сүйікті пәні – қазақ тілі мен әдебиеті. Болашақта филолог болуды армандайды.

«Қазақстанның әр түкпірінде ашылып жатқан осындай мектептер біз секілді балалардың сапалы білім алуына жол ашады», – дейді ол.

Осы мектепте екі баласы білім алып жатқан Гүлсара Маратқызының білім ордасына алғаш келуі екен.

«Мектептің ішін толық аралап қарап шықтық. Әр кабинеттегі оқу құралдарының қызметімен таныстық. Балаларымыз заманауи құрылғылардың көмегімен ұзтазының айтқанын қағып алып жатыр. Нағыз замануи мктептің қандай болатынына көзіміз әбден жетті», – дейді Гүлсара Маратқызы.

Бұл білім ошағында өңірімізге белгілі өнерпаз Мұрат Нағашыбайдың да баласы оқиды. Осы мектептің қалануына үлес қосқан ел ағаларын алғысын білдірген талант иесі бұйымтайын да жеткізді.

«Президенттің қолдауымен еліміздің әр түкпірінде білім ордалары ашылып жатыр. Соның бірі Әуежай шағын ауданында ойып тұрып орын алғаны қуантады. Барлық үлгісін көзбен көріп жатырмыз. Осы мектептен зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, елдің туын көтерген спортшылар, жұлдыздар шықпасына кім кепіл?!. Осы ауданда Әлихан Бөкейхан атындағы орыс мектебі бар. Ахмет атамыздың атында әуежайымыз бар. Биылғы 140 жылдығында осы мектепке Міржақып атын беріп жатса керемет болар еді», – дейді Мұрат Нағашыбай.

Екі бірдей ұлын білім ордасына бергелі тұрған Торғын Талғатқызының да айтары бар.

«Бұл мектеп заман талабына сай, даңқты жерлестеріміздің ұлы мұраларын жалғастыруға, балаларды ұлттық рухта, білім мен мәдениетке сүйене отырып тәрбиелеуге мүмкіндік береді. 1884 жылы Қостанай қаласында Ыбырай атамыздың кірпішін қалаған тұңғыш мектепте Спандияр Көбеев, Мұхамеджан Сералин, Ілияс Омаров, Сырбай Мәуленов және басқа да көрнекті тұлғалар білім алды. 140 жылдан асса да, олардың еңбектері – халқымыздың білім мен ағартушылық тарихындағы ұмытылмас асыл мұра ретінде қалады. Біздің мектептен де қоғамның ұйытқысы болар азаматтар шыққанын қалаймыз», – дейді ол

Осылайша Қостанайдағы екі мектептің ашылу рәсіміне куә болған ел бұл игілікті істі Президент тапсырмасының жалғасы деп білді. Мектептер ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да бейімделген, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін лифт, пандустар жұмыс істейді, арнайы санитарлық бөлмелер жабдықталған. Биыл облыста тағы жеті мектеп ашу жоспарланып отыр.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу