Әулиекөлдік «Шабыт» театры қостанайлық  өнер сүйер қауымды жаңа қойылымымен қуантпақ

Әулиекөлдік «Шабыт» театры қостанайлық  өнер сүйер қауымды жаңа қойылымымен қуантпақ

Театр түрлі мамандық иелері мен әр жастағы адамдардың басын біріктіре отырып, Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасында үлкен премьераға дайындалуда. Бұл қойылым тек шығармашылық жеңіс емес, сонымен қатар қоғамға арналған терең әлеуметтік үндеу болмақ.
Қойылымның басты тақырыбы – қазіргі заманның күрделі мәселелерінің бірі – тәуелділікпен күрес. Құмар ойындарға әуестік пен нашақорлық сияқты қоғамды күйрететін жайттар спектакльдің негізгі желісіне айналады. Шығармада осы зиянды әдеттердің адамдардың өмірін қалай күйретіп, отбасылық құндылықтарды жойып, жақындар арасындағы сенімді қалай жоғалтатыны суреттеледі. Кейіпкерлер тағдыры арқылы тәуелділіктің салдары – отбасының ыдырауы, жақындарын жоғалту және ең бастысы, өмірдің мәнінен айырылу – көрерменге шынайы әрі әсерлі түрде жеткізуге тырысады.

«Әр тәуелділік – тек бір адамның ғана емес, бүкіл отбасының қайғысы. Біз өнер арқылы бұл мәселелердің қаншалықты өзекті екенін көрермендерге жеткізгіміз келеді», – дейді спектакль режиссері. – «Біздің қойылым – тәуелділікпен күресудің маңыздылығын түсінуге шақыратын эмоциялық үндеу».

Бұл спектакль тек театрлық туынды емес, әлеуметтік үндеуімен де ерекшеленеді. Әлемдік статистика көрсеткендей, жыл сайын ойынқұмарлық пен нашақорлықтан зардап шегетін адамдардың саны артып келеді. Бұл қауіпті құбылыстар тек жеке адамдардың ғана емес, тұтас отбасылардың өміріне ауыр зардабын тигізуде. Отбасы ішіндегі қақтығыстар, қаржылық шығындар және сенімнің жоғалуы – тәуелділіктің басты салдары.

«Біздің мақсатымыз – көрерменнің санасына әсер ету. Спектакль кейіпкерлерінің тағдыры арқылы әр адам өз өмірінде мұндай мәселелердің бар-жоғын саралап, дұрыс шешім қабылдауға шақырылса дейміз», – дейді театр ұжымы.

Бұл ерекше қойылымды дайындауға мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер мен оқушылар жұмыла кірісті. Әрбір қатысушының ортақ мақсаты – өнер арқылы қоғамның ең өзекті мәселелерін қозғау және оны шешуге үндеу.
Әулиекөл ауданы әкімдігі «Шабыт» театрының жұмысын алғашқы күндерден-ақ қолдап келеді. Аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов бұл бастаманың маңыздылығын ерекше атап өтті:

«Қоғамдық мәселелерді шешу үшін кешенді көзқарас қажет. Ал театр өнері – қоғамға ой салып, маңызды мәселелерді талқылауға жол ашатын ең тиімді құралдардың бірі».

«Шабыт» театрының алғашқы жылы шығармашылық ізденіс пен қалыптасу кезеңі болды. Тәуелділік мәселесіне арналған  «Садағаң кетейін…» қойылымы  Қазақ драма театрында  17.01.2025 жылы сағат 18:30 – де  қоғамдық диалогтың маңызды бір бөлігіне айналмақ.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу