ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «МИЛХ» ЖШС –інің жұмысымен танысып, сол жерде қостанайлық кәсіпкерлермен кездесті.
Халық қалаулыларына пастерленген сүт өндірісі мен қайта өңдейтін заманауи жабдықтар көрсетілді. Кәсіпорын тәулігіне 130-150 тонна сүт өңдеуге қауқарлы. Серіктестік сүт өнімдерінің 120-дан астам түрін шығарады, олардың 30%-і Ресейдің шекаралас аймақтарына экспортталады. Өндірісте жеті жүзден астам адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Шикізат облыстағы мыңдаған жеке шаруа қожалықтарынан сатып алынады.
Кәсіпорын алаңында өткен кездесу барысында қазіргі уақытта талқыланып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығу тегін анықтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқылады.
Аты аталған заң жобасы қазақстандық тауарлардың бірыңғай тізілімін құру, бұл өнімнің сапасын бақылауды күшейтуге және отандық өндірушілерді қолдауға ықпал етеді. Тізілім «СТ-KZ» нысанындағы сертификаттар мен өнеркәсіптік сертификаттарды алмастырады. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бұл шара құжаттарды рәсімдеуге байланысты шығындарды айтарлықтай қысқартуға және кәсіпорындардың экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Заң жобасы қазақстандық өндірушілердің позицияларын нығайтуға бағытталған. Бұл бастаманы іске асыру отандық кәсіпорындар үшін тең бәсекелестік жағдайларды құруға және олардың халықаралық нарықтарға табысты шығуына негіз болады, – деді кездесу барысында ҚР Мәжіліс депутаты Альберт Рау.
Кездесуде талқыланған негізгі мәселелердің бірі – сертификаттау рәсімдерін оңайлату болды. Бизнес өкілдері жаңа талаптар аясында өнімнің шығу тегін растау процесінің күрделене түсуі мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдірді. Еркін Әбілдің айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – бюрократиялық кедергілерді азайту және бизнесті тиімді қолдайтын сертификаттау жүйесін құру. Содан соң жаңа тізілімге тауарларды қосу процесі барлық отандық өндіруші үшін ашық және қолжетімді болмақ.
– Біздің міндетіміз – сертификаттау процесінде қарапайымдылық пен жеделдікті қамтамасыз ететін, артық әкімшілік жүктемелерді жоятын жүйе құру. Заң жобасы кәсіпкерлерді қолдауға және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жеңілдетуге бағытталған, – дейді Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл.
Ал Берік Бейсенғалиев жаңа тауарлар тізілімін құру құжаттарды рәсімдеуге байланысты шығындарды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік беретінін, бұл кәсіпорындардың экономикалық тиімділігіне оң әсер ететінін атап өтті. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2023 жылы еліміздің сыртқы сауда айналымы 139,8 миллиард долларға жетті. бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 3,2% жоғары. Отандық тауарлар тізілімін құру бұл көрсеткіштердің одан әрі өсуіне ықпал етуі мүмкін.
Талқылау барысында өңір кәсіпкерлері өз ұсыныстарымен бөлісті. Атап айтқанда, олар жаңа ережелерді енгізуде икемділік пен біртіндеп өтудің маңыздылығын атап өтті. Кездесу соңында депутаттар талқылау қорытындысын шығарып, заң жобасын жетілдірудің оңтайлы қадамдарын нақтылап берді. Бұл ретте бизнес пен мемлекет арасындағы ашық диалог экономиканың дамуына және отандық өндірісті қолдауға ықпал ететін тиімді заңнамалық бастамаларды қабылдауға таптыртпас мүмкіндік екенін атап өткен жөн.
Партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасына сәйкес, отандық өндірушілерді қолдау басым міндеттердің бірі болып қала береді. Бағдарлама отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оның ішкі нарықтағы қатысуын кеңейту және жергілікті кәсіпорындардың позициясын нығайту үшін жағдай жасауға бағытталған бірқатар шараларды қамтиды. Бұл шаралар еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсуіне және кәсіпкерлік әлеуетінің дамуына ықпал етері даусыз. AMANAT партиясы фракциясы мүшелерінің біздің облыстағы жұмыс сапары 12 қаңтарға дейін жалғасады.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ