«2022-2023 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы» Оқу-ағарту министрінің бұйрығы күшіне енді. Бұл туралы вице-министр Шолпан Қаринова Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қабылданған бұйрыққа сәйкес, оқу мерзіміне қатысты мынадай өзгерістер болады:
– Меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары 2023 жылғы 31 мамырда аяқталады.
– 9 (10) сыныптарда білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары 2023 жылғы 2-13 маусым аралығында өткізіледі.
– 11 (12) сыныптарда білім алушылардың мемлекеттік бітіру емтихандары – 2023 жылғы 5-19 маусым аралығында өткізіледі.
Ал қорытынды аттестаттауды мына мерзімде өткізі бекітілген:
– 9,10-сынып оқушылары үшін:
1) оқыту тілі бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектептер үшін – жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 2023 жылғы 2 маусым;
2) математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан (бақылау жұмысы) – 2023 жылғы 6 маусым;
3) өзге тілдерде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) – 2023 жылғы 9 маусым;
4) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2023 жылғы 13 маусым;
11,12-сынып оқушылары үшін:
1) оқыту тілі бойынша жазбаша емтихан – 2023 жылғы 5 маусым;
2) алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан – 2023 жылғы 8 маусым;
3) Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан – 2023 жылғы 12 маусым;
4) өзге тілдерде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан – 2023 жылғы 15 маусым;
5) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзілік тарих, құқық негіздері, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2023 жылғы 19 маусым.
Вице-министр дерегінше, өңірлердің білім басқармалары оқу жылын осы мерзімдерге сәйкес аяқтау бойынша тиісті шараларды қабылдайды.
Еске сала кетсек, бұған дейін оқушылар үшін соңғы қоңырау 1 маусымда соғылатыны айтылған еді.
Таяуда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепте өткізілетін соңғы қоңырау дәстүріне қатысты пікір білдірді. Соңғы қоңырау шарасын өткізу туралы бұйрықты оқу қауымдастығы мен ата-аналарды жинап, қайта қарау тапсырылғанын, түпкілікті шешімді сарапшылар қауымдастығы қабылдайтынын айтқан еді.