Облыс халқының тұрғын үй жағдайын жақсартуға ерекше мән беріледі

Облыс халқының тұрғын үй жағдайын жақсартуға ерекше мән беріледі

Облыста соңғы екі жылда 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынған. 

Өңіріміз бірте-бірте жаңа аумақтарды игеріп, құрылыс жұмыстарын кеңейте түскен. Атап айтсақ, Қостанай облысында 176 гектар аумақта «Астана» және «Бәйтерек» жаңа шағын аудандарының құрылысы басталды. Онда 154 көп қабатты үй салынады. Бұл 60 мыңға жуық тұрғынның жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Осы құрылыстың арқасында 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп болжанып отыр. Санаулы жылдан кейін мұнда заманауи үйлер, ойын-сауық орталықтары, мектептер, спорт нысандары – жайлы өмір сүруге қажеттінің бәрі болады.

Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, олар жаңа шағын аудандардың жайлылығы мен экологиялық тазалығына өте мұқият мән берген. Жайлы алаңдар мен серуендеу аймақтары заманауи ландшафтты қолдана отырып, бірегей дизайнмен жасалады.

Бұдан бөлек, облыста “Қостанай жастары” бағдарламасы белсенді жүзеге асып жатыр.

2022 жылдың соңынан бастап, облыстың барлық өңірлерінде «Отбасы банкімен» бірлесіп, «Қостанай жастары» бағдарламасы іске асырылу үстінде. Оны іске асыруға 2 жыл ішінде 2,1 млрд теңгеден қаржы бөлінген. Бұл 2022 жылға қарағанда үш есе артық (700 млн теңге). Осы бағдарламаның арқасында, жұмыс атқаратын жастардың ішінде 277 отбасы тұрмыстық жағдайларын жақсартты (2022 ж. – 49 отбасы).

Жаңалықтармен бөлісу