Композитор Мұңлыбек Шығамбаев өмірден озды

Композитор Мұңлыбек Шығамбаев өмірден озды

Торғайлық музыкант, композитор, көптеген әннің авторы Мұңлыбек Шығамбаев 67 жасына қараған шағында қайтыс болды.

Мұңлыбек Қабидоллаұлы 1957 жылы 7 ақпанда Қостанай облысы Жангелдин ауданы Жаркөл ауылдық округінде дүниеге келген. 1980-1984 жылдары Арқалық музыка учелищесін хор дирижері мамандығы бойынша бітірді. Оқуды аяқтағаннан кейін мектепте музыка пәні мұғалімі болып жұмыс істеді. Осы уақытқа дейін Әулиекөл ауданы Москалев орта мектебінде музыка пәні мұғалімі болып қызмет етті.
Композитордың алғашқы әні 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына арналып «Болмасын соғыс» деген атаумен жарық көріп, кеңінен таралды. Әннің сөзін ақын Ж.Шпанов жазды. Сол жылы екеуі туған ауылға арнап «Жаркөл вальсі» аталатын тағы бір ән жазды. Ол жаркөлдіктердің жергілікті гимніне айналған еді.
Одан кейін де мектеп балаларына арнап «Апам менің жақсы адам», «Әліппе туралы ән», «Анаға жыр», «Мектеппен қоштасу әні», «Ардақты мұғалім», «Үлкендерге арнап» әндерін жазған. «Туған жер сазы», «Дарасың, жаным», «Сағыныш сазы», «Ана», «Анама» сияқты көптеген туындысы тыңдармандарына жақсы таныс. Әуесқой композитордың қоржынында отызға жуық әні бар еді.
Марқұмның иманы саламат болып, жаны жәннаттық болсын, артында қалған туған-туыстарына ұзақ ғұмыр берсін!

Жаңалықтармен бөлісу