Арқалық қалалық «Ардагерлер үйінде» 16 желтоқсан – Қазақстан Республиксаның Тәуелсіздік күніне орай ардагерлер арасында шахматтан жарыс ұйымдастырылды.
Жарыстың салтанатты ашылуында қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Спорт ардагері Алпыс Іңірбаевтың зейнеткерлікке шығуына байланысты иығына шапан жауып құрмет көрсетті. Арқалық қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде бүгінгі жарысымызды өткізіп отырмыз. Биыл осы тапсырыс аясында зейнеткерлер арасында спорттық сайыстарды өткізуге 600 мың теңге қаражат бөлінген болатын.
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің Арқалық қалалық филиалы конкурста жеңімпаз болып танылып, жыл ішінде бірнеше спорттық жарыстарды өткіздік. Тәуелсіздік күні қарсаңында негізгі жарысымызды өткізіп отырмыз. Ардагерлеріміз үлкен ұйымшылдықпен қатысуда.Іс – шараларымыз алдағы жылы да жалғасын табады. Осы мақсатқа 800 мың теңге бөлініп отыр», –дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Ғапсалықұлы.
Бүгінгі таңда қала бойынша 4917 зейнеткер бар. Ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуге барлық мүмкіндіктер қарастырылған. «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс істейді.
Серік Баймағанбетов,
зейнеткер:
– Ардагерлер ұйымы Тәуелсіздік күні қарсаңында қарттардың басын қосып, жақсы спорттық жарыс өткізіп отыр. Қарияларымыз қоғамдық жұмыстарға да үнемі қатысып, белсенділік танытады. Уақытымызды қолайлы өткізіп, міне, шахмат ойнап жатырмыз. Ұйымдастырушы азаматтарға зор алғысымызды білдіреміз.
Серікбай Штатбаев,
зейнеткер:
– Ардагерлерді құрметтеп жарыс өткізіп жатқынына қуаныштымыз. Жасымыз сексенге келсе де қоғамдық іс-шаралардан қалыс қалмаймыз. Бізді құрметтеп, жағдайымызбен санасып жатқан үкіметімізге рахметімізді айтамыз. Тәуелсіздігіміз баянды болып, ізгілікті істеріміз әрдайым жалғасын таба берсін.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы