Үздік спортшылар марапатталды

Үздік спортшылар марапатталды

Қостанайлық  спортшылар жылды ірі жетістіктермен қортындылады.  Қалыптасқан берік дәстүрімен  өз ісіне шын берілген мықты мамандарының арқасында   тұғыры биік екендерін одан сайын дәлелдей түсті. Бұл туралы қала әкім Марат Жүндібаев  чемпиондар форумында айтты.

«Бүгін спорт саласындағы маңызды іс-шараға куә болып тұрмыз. Биыл спортшыларымыз үздік нәтижелерге қол жеткізді. Сол үшін сізддерге алғыс айтамын. Қазір біздің ортамызда қаламыздың мақтанышына айналған спорт саңлақтары отыр. Біз сіздерді әрқашан мақтан тұтамыз. Сіздердің әрбір жеңістеріңіз өлкеміздің абыройы, туған жерге деген патриотизмнің үлгісі», – деп атап өтті әкім.

Биыл  жүлде қорына жаңадан «Олимпиадалық үміт» номинациясы енгізілгенін айта кетейік. Ол номинация олимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық стандартта жыл бойы ең жоғары нәтиже көрсеткен жас спортшыға бұйырды.

2009-2013 жылы туған спортшылар арасында үстел теннисінен ҚР чемпионы, халықаралық жасөспірімдер турнирлерінің бірнеше дүркін чемпионы Жәния Бекмұхамбетова 250 000 теңгенің ақшалай сертификатымен марапатталды. Оның бұл көрсеткіші үстел теннисі бойынша 11 жасқа дейінгі әлемдік рейтингте екінші сатыға көтерілді. Жас чемпион – Жәния Бекмұхамбетованы дайындап тәрбиелеген Юлия Даниярова да 250 000 теңгенің сертификатымен марапатталды.

«Жәнияның спорттағы бұл табысы үлкен жетістік. Балаларды әрдайым спортпен айналысуға ынталандырады. Ондай мысалдар қазір баршылық. Ауыр атлетіміз әлемде күміс алып жатыр. Дзюдодан 16 жасар спортшымыз ел чемпионы  атанды. Бұл саланың потенциалы жыл санап  жоғарылап келе жатқанын көрсетеді. Жергілікті халықтың 42 пайызы  бұқаралық спортпен айналысады. Қарапайым тұрғындардың саламатты өмірін жақсарту үшін  арнайы алаңдар салынып жатыр. Спортшылар екі жыл бұрын жетістіктері  үшін 150 мың теңге алса, қазір 400 мың теңге алатын болады», –  деді Марат Жүндібаев.

Болашағынан зор үміт күттіретін саңлағымыздың бірі  Илья Зайцев. Ол жеті жылдан бері спорттық гимнастикамен жаттығып келе жатыр. Жуырда жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы болып оралды.

«Илья  соңғы үш-төрт жылда тамаша нәтиже көрсетіп жүр. Бірнеше дүркін ел чемпионы болды. Сербияның  Новисад қаласында өткен  халықаралық турнирде  бес алтын медалды жеңіп алды. Жуырда жастар құрамасына кірген шәкіртіміздің жасөспірімдер арасындағы олимпиадаға жодама алып қаларына сенімдіміз», – дейді бапкері Сергей Сергеев.

Иә, Иляның жеңісті күндері әлі алда. Ол болашақта олимпиада ойындарының чемпионы болуды армандайды.

Қостанайдың атын шығарып келе жатқан Рамазан Құсайынов  кезінде греплингтен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Қазақстан біріншілігінде финалда өнер көрсеткен спортшы  кейінгі жылдары джи-джитсу спортына ден қойды.

Ұлттық құрамаға алынды. Джи-джитсудан Азия чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Ол бүгінде  Грепплинг бойынша жаттықтырушы. Шәкірті Адлан Мадаев биыл әлем чемпионы атанды. Оған “Үздік жаттықтырушы” номинациясы бойынша  250 000 теңгенің сертификаты табыс етілді. Толығырақ газеттен оқи аласыздар.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген – Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу