Қазақстан Республикасының Тәуелсізідік күніне орай Арқалық қалалық білім бөлімінің әлеуметтік мемлекеттік тапсырысы аясында «Жастар-Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қала және ауыл мектептерінің 10 – шы сынып оқушылары арасында «Озық ойлы ұрпақ озады» атты танымдық сайыс өткізілді.
Сайыс ережесіне сай үш кезеңді қамтып, іс – шара барысында оқушылар сол жерде тәуелсіздік тарихы туралы шығарма жазып, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, қазақ ақындарының тәуелсіздік туралы өлеңдерін жатқа оқып, ел тарихынан сыр шеретін сұрақтарға жауап берді.
Білімділер бәйгесіне қала және ауыл мектептерінен 13 оқушы қатысып, бақтарын сынады. Қалалық білім бөлімінің әдіскері Ерлан Әбдуәлиев, «Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы музейінің» ғылыми қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Батырлан Сағынтаев және «Жастар-Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Ахметжановтар әділқазылық жасады.
Сайыс қорытындысы бойынша №7 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Ақсезім Спанова біріншіорын иеленсе, Ы.Алтынсарин атындағы гимназия оқушысы Аружан Байша екіншіорын, ал Ш.Уәлиханов атындағы №1 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Балнұр Мырзалымен қалалық «Қосымша білім беру орталығы» жанындағы «Сәлем» үйірмесінің қатысушысы Жанбота Шашубай жүлделі үшінші орындарды қанжығалады.
«Бұл жоба оқушылар арасында Тәуелсіздік құндылықтарын насихаттау үшін ұйымдастырылды. Ең басты ерекшелігі – байқауға қатысушы оқушылар ешқандай көмексіз, өз қабілеттерімен белгіленген уақытта шығарма жазып және оны қазылар алқасының алдында қорғап шықты», –дейді қоғамдық бірлестік төрағасы Амангелді Серікұлы.
Жүлдегерлерге арнайы дипломдармен бағалы сыйлықтар салтанатты түрде табысталып, белсенді қатысқан оқушыларға «Алғыс хаттармен» жас ақындардың жыр жинақтары сыйға тартылды.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы