Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні және Желтоқсан оқиғасына 38 жыл толуына орай Арқалық қаласының орталық «Демалыс саябағы» аумағында таяуда ғана тұрғызылған «Қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық белгі» алаңында Желтоқсан құрбандарын еске алу рәсімі өтіп, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Ата – бабаларымыздың сан ғасырлар бойы көксеген асыл арманы, ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт – сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы – Тәуелсіздік. Бабалар батасы дарыған, ата аманатын аялаған ел Тәуелсіздігіне биыл 33 жыл толып отыр.
Рухани рәсімге жиналған қауым Желтоқсан құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алып, қала әкімінің орынбасары Абзал Тәшімов мерекемен құттықтап, Тәуелсіздіктің еліміз үшін маңыздылығына тоқталды.
Желтоқсан оқиғасының куәгері Әлия Әубәкірова жастарды тәуелсіздіктің қадірін білуге, қастерлеп, құрметтеуге үндеді.
«1991 жылғы 16 желтоқсан төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл егемен ел болуды аңсаған ата – баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн. Егемендігіміздің алғашқы қарлығашы болған 1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісі» бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болып табылады. Желтоқсан оқиғасы қоғамның саяси өмірін демократияландыруға серпін берген, есте сақтап, тарихи маңызын жоғарылатып, азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгілікке сақтау қасиетті парызымыз. Желтоқсаншылардың отаншылдық қасиеті бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін әрдайым үлгі-өнеге. Біз тамыры терең мемлекетіміздің маңызды белестерін ұлықтап, ұлтты біріктіретін ортақ құндылықтарды нығайтып, сол арқылы қастерлі отанымыздың тұғырын биіктетіп, болашақта да тәуелсіз ел болуымыздың алғышарттарын орындауымыз қажет», – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Абзал Қамбарұлы.
Қала мекемелері мен ұжымдары, зиялы қауым өкілдері, Желтоқсан оқиғасының куәгерлері, студент-жастар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, елінің Тәуелсіздігі үшін өмірлерін қиған желтоқсаншы жастардың рухына тағзым етті.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы