Екі бірдей ФАП ашылды

Екі бірдей ФАП ашылды

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Арқалық қаласына қарасты Фурманов және Восточный тірек ауылдарында екі бірдей фельдшерлік акушерлік пункт қолданысқа берілді.

Мердігері – жергілікті құрылыс команиясы «Алюминстрой» ЖШС.

Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заманауи қолжетімді және сапалы қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда.

Соның жарқын көрінісіндей болып, міне қатар жатқан қос ауылда денсаулық жүйесінің екі бірдей ғимаратының құрылысы салынып, пайдалануға беріліп отыр.

Нысандардың салтанатты ашылуында қала әкімі Әмірхан Асанов, «Бірлік К» ЖШС басшысы Қазбек Мұқашев, «Село Восточный» ЖШС директоры Иван Попович, сондай ақ ауыл тұрғындары құттықтау сөз сөйлеп, ризашылықтарын білдірді. Қос ғимараттың да лента қию рәсімдері ауыл ақсақалдары мен денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне ұсынылды.

Кәмила Шайкемелова,

Фурманов ауылының тұрғыны:

– Ауылымыздан емхананың ашылып жатқанына шын жүрегімізден қуанып жатырмыз. Өзім отыз жылдан бері осы ауылдың тұрғынымын. Қызым Айгүл Тұрсынбаева осында медбике болып жұмыс атқарады. Бұған дейін ескі ғимараттарда жұмыс істеп жүрді. Бас ауырып, балтыр сыздағанда келетін жерімізге мемлекет тарапынан көңіл бөлінгеніне алғысымыз шексіз. Елімізде осындай игі жақсылықтар бола берсін.

Қасқырбай Шакин,

Восточный ауылының тұрғыны:

 – Ауылымызда фельдшерлік-акушерлік пункт ашылып жатқанына қуаныштымыз. Бұл жаңалықты көптен күткен едік. Мен өзім зейнеткермін. Біз секілді қарттардың, жалпы тұрғындарымыздың денсаулығы сыр бере қалса, енді қалаға барып әуре болмай, өз ауылымызда медицина мамандарының көмегіне жүгінетін боламыз.  Біздей ауыл тұрғындарына арнап заманға сай медициналық бөлімше салып беріп жатқаны үшін ел Президенті Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа үлкен алғысымызды білдіреміз.

Жаңылсын Асылбаева,

Восточный ауылының тұрғыны:

– Өңірімізде «Жайлы мектеп», жаңа балабақша, денсаулық сақтау мекемелерінің ашылып жатқанына ризашылығымызды білдіреміз. Мен қырық жылдан астам уақыт бойы білім беру саласында қызмет еткен ардагер ұстазбын. Ауылымыз толықтай асфальттанған, электр жарығы көше бойларында жанып тұр, су тартылған. Қысқасы, қаланың тұрмысынан қалыс қалып жатқан жеріміз жоқ. Қалыпты, жайлы өміріміз үшін Президентімізге, үкіметімізе, облыс, қала басшыларына зор рахметімізді айтамыз.

Мыңдаған тұрғындары бар ауылдардағы жаңадан ашылған қос денсаулық сақтау орталығына мемлекет қазынасынан 400 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Жаңа денсаулық сақтау орталықтары қажетті мамандармен, медициналық құрал-жабдықтармен, жедел жәрдем қызметіне арналған жаңа автокөліктермен қамтамасыз етілген.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу