Жоғалған сынып журналы
Бүгін Бекзат күндегі әдетімен сабаққа кешігіп келді. Кеше күні бойы Темірсайда ойнап, «Бассейн» өзенге барғандықтан кітаптың бетін ашпаған. Онысына қымсынатын ол жоқ. Кердең басып Перизаттың қасына жалп етіп отыра кетті. Сәуле мұғалім қатулы қабағымен бір түйреп, жалқау оқушысына көзінің сұғын қадай қараған.
Жуанаяқов Ом заңы туралы айт.
-Апай оқымадым.
-осы сенің оқитын күнің бола ма?
…
Кеше қайда болдың?
-Ұйықтап қалыппын.
-«Сағат тоқтап қалыпты, Бекзат ұйықтап қалыпты».
-Апай, ертең әбизәтілнә оқып келем.
-Өтірігіңді соқпа, болды сені екімен қорытам.
-Рас айтам.
Сәуле мұғалім қолы күс-күс болып, жағасы кірлеп кеткен оқушысын солайша екімен қорытуға бекінді.
Екінші сабақ Рағна мұғалім беретін тарих пәні. Сабақ басталды. Сыныпта шыбынның ызыңы естілмейді. Қатал ұстаз шикіл сары Бақытқа тиісті бағасын қойған соң “сүйікті оқушысына” мойын бұрды. Ал енді сені тыңдайын. Тақтаға шық. Бекзат еріне басып тақтаға шықты.
-Италия туралы не білесің?
-Кеше оқыған едім…
-Оқысаң айтсаңшы енді…
-Ұмытып тұрғанымды…
-Әй, шешең Күләй қандай етік киеді?
-Қоңыр етік…
-Өкшесі бар ма ол етіктің?
-Бар, бірақ бір өкшесі түсіп қалған.
-Жарайды, енді сол шешеңнің етігін мына картадан көрсет..
-Мынау ма?
-Әй ол Антарктида. Онда нең бар?
-Мынау ше? Бірақ етікке ұқсамайды.
-Үй, мақұлық, Тасмания аралында нең бар?
-Етік көріп тұрғам жоқ бұл жерден.
Рағна апай ашуға булығып кеткен. «Міне етік, міне» деп Бекзаттың желкесінен нұқып-нұқып жіберді. Бет жүзі қызарақтаған қара бала үйреншікті “ертеңіне” баса бергені сол еді, сынып журналындағы Жуанаяқов деген жерге семіз «2» бірақ қонжиды. Осылай тарих пәні де тәмам болды.
Үзілістен соң оқушылар соңғы сабаққа кірді. Бұл-Бекзаттың «қас жауы»-орыс тілі пәні еді. Әсем мұғалім былайғы күндері жайдарлы жүз танытқанымен, сабаққа келгенде қаққанда қаныңды, сыққанда сөліңді шығаратын.
Ақбұлақтан келген апай сын есімді түсіндіріп, тақтаға маржандай жазуымен бірнеше сөз жазды. Сладкий -тәтті, холодный-суық, мягкий-жұмсақ, чужые-бөтен деп бірнеше мысалды да келтіріп шықты. Балаларға сабақты жақсылап түсіндіргеннен кейін орыс тілі мұғалімі сын есімнен мысал айтуға шақырды. Бірінші болып қолын Аяулым көтерді. «Айта ғой» деді мұғалім.
-Интересный.
-дұрыс айтасың. Осы сөздің қасына енді зат есімді қой.
-интересная книга.
Ұстамды ұстаз басын изеп, оқушыларға күлімдеп бір қарады да, Ержанға бұрылды.
Сабағына тап-тұйнақтай Қапезов ойланбастан “добрый доктор” деп жауап берді.
Достарынан үнемі қалыс қалып жүретін Бекзаттың да қызығушылығы оянып кеткен. Ойына күнде көршінің үйінен әуелеп тұратын “Руки вверх” тобының танымал әні түсе берді. Бірден қол көтерді.
“Ооо, Бекзат айтамын дейді, бұл дегенің жаңалық қой”. “Ал тыңдайық”, сөйле”. Бәрі не айтар екен деп асыға күтіп отыр.
Тентек оқушы басын қақжаң еткізіп “чужые губы” деп ұрып жіберді. Іле шала сынып іші күлкіге көмілді. Әсем апайы маңдайынан біреу ұрғандай үнсіз қалған. Сәлден соң мырс етті. «Оны тағы қайдан тауып ала қойдың?».
-«Апай, Руки берх айтады ғой солай» деді Бекзат.
-Бұдан басқа сын есім білмейсің бе?
– красные губы.
-Жақсы. Тоқта осы жерден! “Сәл көтермелеп үш қояйын. Бірақ ондай сөздерді енді айтушы болма”.
Өзге оқушылар да бірінен кейін бірі түрлі сын есімдерді айтып жатты. Бұл кезде Бекзаттың «губы» деген қандай сөз еді деп басы қатып отырған еді.
Осылайша екінші тоқсанның аяқталар кезі болды. Жуанаяқов тағы да екі-үшпен қорытылайын деп тұр. Қалай да бір амалын қарастыру керек деп ойлады ол. Ата-анамның бетіне қалай қараймын? Достарым да, мұғалімдер де мазақ қылып, құрметтеуді қойды. Осындай ойлардың жетегімен ол сыныптастары үйге қайтып бара жатқанда мектептің ішінде қала берді. Сол екі ортада миына бір қулық түсе кеткен. Ешкімге көрсетпей сынып журналын алып шығып, жоғалтып жіберу керек. Сонда ешқандай да дәлел табылмайды. Мұғалімдер де екімен қорытпайды. Бекзат енді директордың кабинетін торуылдай бастады. Байқайды, директордың бөлмесінде тек қағаздардың судырлағаны естіліп тұр. Сірә маңызды құжаттарды реттеп отырған секілді. Не де болса аңысын аңду керек. Директор қашан шығады?! Қағылез бала бәрін тастап үйге қайтып кетсем бе деп бір ойлады. Қарыны да шұрылдап барады… Арада бес-он минөт өткенде директор апай Күләш ханым отыратын кітапханаға барып кірді. Дабырлап кітапханашы екеуі бір мәселені талқылап жатыр. Зу етіп тағы бес минут өте шықты. Дәл осы сәтте қимылдап қалу керек. Не журналды алып құтылады, не тұтылады. Байқайды, екеуінің әңгімесі созыла түскендей…
Бекзат мысықтабандап кабинетке кірді. Бірден көзі үстелдің үстіне түскен. Тәрелкеде қып-қызыл бауырсақ тұр. Оның жанына шоколад кәмпиттер, пірәндік, печенье қойылған. Бір-екеуін қылғытып жіберсем деп ойлады. Қой, келіп қалса ұят болар деді ішкі ойы. Тамақтарға қарап тұрып бір сәт не үшін келгенін де ұмытып қалғандай. Әәә, есіне түсті, сынып журналы үшін келген еді ғой. Енді айналасын шола бастады. Үстел үстінен көрінбейді. Қарсыдағы кітаптар тұратын шкафта болуға тиіс. Жоқ екен. Не де болса сейфті қарау қажет. Қызыл сейфте не жоқ, бәрі де бар деп ойлады. Есігі сәл ғана ашық тұр екен. Жайлап ашты. Қолы дір-дір етеді. Директор келіп қалмаса екен. Әзірше аяқ дыбысы байқалмайды. Сейфте сынып журналдары қаланып тұр. Қырсыққанда 7-сыныптың журналы ең астында қалыпты. Тарс-тұрс еткізбей аман-есен алып шығу керек. Бар күшін салып, сүйікті де сүйкімсіз журналды қолға түсірді. Өзі қандай зілдей, ауыр журнал еді. Осындай кезде ауырлап кетеді екен ғой деді ол. Маңайын жылдам шолды да журналды жейдесінің ішіне салып алып мектептен шықты. Бейне бір артынан директор қуып келе жатқандай зытып келеді. Түскі ас кезі болғандықтан маңайда ешкім байқалмайды. Ол талдардың арасымен өтіп, мектептің бұрышына тоқтады. Үй жаққа апарып, қораның бір жеріне тығып тастау керек пе екен? Әлде тау жаққа жасырған дұрыс па?! Қайткенде де мұны қолда ұзақ сақтамаған жөн. Неше түрлі ойдың жетегімен ол дәретханаға келіп қалды. Осы жерге тастаған дұрыс. Енді ешкім де мұны ала алмайды. Былғанып қалған журналды кім алады?! Менікі дұрыс шешім. Осылай деп күбірледі де тентек оқушы журналды кеудесіне аз ғана уақыт басып тұрып, дәретхана саңылауына тастап кеп жіберді.
Ертеңінде мектепте у да шу. 6-сыныптың журналы жоғалыпты десті бәрі. Директор бірінші сабақтан соң жиналыс ашты. Қабағы қатулы мектеп басшысы журналға жауапсыз қараған мұғалімге сөгіс жариялайтынын айтты. Ал журналды тауып берген оқушыны жақсы бағамен қорытуды тапсырды. Осылайша лездеме аяқталып әр мұғалім өз шәкірттерімен сыныптарына беттеді. Бүгін алтыншы сыныпта он оқушы отыр. Бақытгүл мен Ержан сабаққа келмей қалыпты.
Бақытбек мұғалім терезенің пердесін ысырып ашты да сөз бастады.
“Тәәк, қыздар, жігіттер қайткенде де сынып журналын табуымыз керек. Егер таппасақ жағдай қиындай түседі. Бұл мәселе қалаға жететін болса тіпті қиын. Журнал өте маңызды құжат. Үшінші тоқсанды басынан бастап қайта оқуларың керек. Сондықтан тездетіп, бір бірлеріңе көмектесіп оны табуға көмектесіңдер”.
Оқушылар басын изеп, алайда қалай табамыз дегендей сұраулы жүзбен ұстазына қарады. Лездемеде “егер журналды тауып беретін оқушы болса, жақсы бағамен қорытамыз” деген директордың сөзі Бекзаттың жанына жаққандай. Журналды жоғалтқанымды ешкім көрген жоқ, олай болса неменеге қысыламын. Қайда жатқанын айтайын да беспен қорытылайын деп орнынан атып тұрды. “Ағай, жаңа мен біздің журналды бір жерден көрген сияқтымын”.
Газет парақтап отырған Бақытбек ұстаз жалт қарады. Қайдан көрдің? Шын айтып тұрсың ба?
Иә, 6-сынып деген жазуы бар журналды дәретханадан көрдім.
Не дейді, оны кім тастаған?!
Мұғалім сынып оқушыларын соңынан шұбатып директордың кабинетіне барып, одан соң барлығы есік алдына шықты.
Оларға ілесіп бесінші кластың оқушыларын ертіп Қуаныш мұғалім көрінді. Қуаныш ағайының алдына түсіп алып мақтаншақ Ерназ бірдеңе деп сампылдап келеді. Директорға жақындағанда жетекшісі Ерназға сөйле дегендей ишарат жасады. Бекзат та көргенін айтуға оқталып баққан. Бірақ аузы-аузына жұқпайтын Ерназ оның алдын орап кетті. “директор ағай, мұғалім, мен журналдың қайда жатқанын білемін. Ол туалетте жатыр. Оны дәретханаға Бекзат тастаған. Мен үйімнің терезесінен апара жатқанын көрдім. Иә, сол Бекзат апарған”.
“Ей, Ерназ…”. Бекзат ызаға толы көзімен өзінен бір сынып төмен оқитын оқушыға алая қараған… Оңай кенелем деген олжасынан орта жолда Ерназдың қаққанына қаны қарайып тұр.
Директор бұл қылығы үшін Бекзатты кешірмейтінін білдіріп, жиналысқа салатынын, ал журналдағы бағасының сол күйінше қалатынын айтты. Ерназ болса осы тоқсанда кейбір сабақтан төртке шығатын болды. Ал Бекзаттың жетекшісі дәретханадан шыққан сынып журналын жаңа журналға көшіруге кірісті!
Қашқын «қажы»
Кеше бір танысым,
Қажылыққа аттанды.
«Жаратқанның алдындағы,
Қарызымды өтеймін» деп,
Әжептәуір мақтанды.
Ол кеткен соң сапарға,
Іздеп келді төрт адам,
Оғы болмай атарға.
Келіпті олар,
Сайлап барлық арызын,
Назарға алып әр ізін.
Сөйтсек, әлгі пақырың,
Қашқын болып жүр екен.
Елдің бермей қарызын.
Әлгі төртеу шаршаған,
«Дейді мүлдем қажыдық.
Кеткен шығар ол бізден,
Құтқарар деп қажылық».
Қазір жылпос танысым.
Қажы болып оралған.
Әлі қашып жүр бірақ,
Сол сорлы төрт адамнан.
Пенсионердің «пайдасы»
Жетпісті аттап өтіп,
Сексен бірге жетіп,
Дариябай ақсақал,
Туыстарын «мұңайтты»,
О дүниеге кетіп.
Үлкен ұлы Қанағат келді,
Қабырғаны «жағалап» келді.
«Қимаймын сені әкетайым» деп,
Жүрегін бір жаралап келді.
Ортаншы ұлы Мұрат келді,
Бала-шағасы шұбап келді.
Шешесінен шерлі отырған,
Шалдың үйін сұрап келді.
Кенжесі Мәди бүгіле жылап,
Текеметке сүріне құлап.
Анасына аңғартты ол,
Келгендігін дүние сұрап.
Қыздары жылап:
Көп күн болды келе алмадық,
Бір хабар да бере алмадық.
Мынау жүрген ұлдарыңдай,
Бір алатын пенсияңның,
Қызығын да көре алмадық».
Орындалмай арманы,
Қыздар түгел зарлады.
Шал бәріне «бөлек» еді,
Қолда барын берер еді.
Шежірені жатқа соғар,
Ел ішіне ерек еді.
Бірақ ұл мен қыздарына,
Өзі емес, асырайтын,
Пенсиясы керек еді,
Жалғыз үйі керек еді…
Валидатор мен кондуктордың айтысы
Бұл қоғамды бүгінгі,
Техника жеңіпті.
Кондуктордың орнына,
Валидатор келіпті.
Валидатор келді де,
Кондукторға сөйледі.
Сөйлегенде бүй деді:
О, ақымақ адамым!
Шамаңа бір қарағын,
Жолаушының төлемін,
Өп-өтірік санадың.
Билеті бар жандардың,
Айтқанына көнбестен,
Дегеніне сенбестен,
Қалталарын қарадың.
Сөйтіп, қара халықтың,
Ар-намысын таптадың.
Немқұрайлы атадың,
Көшелердің аттарын.
Бар кінәні ендігі,
Шопырларға тақпағын.
Осы болды өзіңнің,
Жұмысыңнан тапқаның.
Кондуктор:
Сен қызметке келіп ең,
Көліктерге еніп ең.
Орын алдың шалқайып,
Авобустың белінен,
Троллейбустың төрінен.
Тұрасың сол орныңда,
Аш кенедей бүгіліп.
Мен жұмыстың кезінде,
Жүруші едім жүгіріп.
Ақша жинап тұрасың,
Арлы-берлі қозғалмай.
Мен тұрғанда орнымда,
Тапжылмастан қозғалмай,
Тиюші еді сөз қандай?!
Бастығым жүр әнеки,
Пайда, пайда, пайдалап.
Жолаушының ақшасын,
Беруші едім майдалап.
Араныңды ашып кең,
Тиындарды асайсың.
Бастығыңа осылай,
«Адал» қызмет жасайсың.
Деп кондуктор «масылың»,
Жасырмады ашуын.
***
Бастық келіп ертесін,
Қасып тұрып желкесін.
Есікке тұрған сүйкеніп,
Кеудесінен итеріп,
Кондукторды шығарды.
Есесіне жұмысқа,
Валидаторды құп алды.
Эпиграммалар
Депутат Ардақ Назаровқа
Ережесіз шайқас деп,
Парламентте жүрме сен.
Ринг болса бұл да бір,
Қыздырынбай кірмес ең.
Жұрттың жайын ұқпайсың,
Интернетке кірмесең.
Мәжілісте бересің,
Тәрбиеңді кімге сен,
Сұрақ қойса журналист,
Мүдіресің мүлде сен,
Мұнда жүріп ойлайсың,
“Сауал тастап күн кешем”.
Сұрақ қойғыш жетеді,
Ол жақта да кіл ” көсем”.
Кіл жаттанды сауалмен,
Деме елмен үндесем.
Депутаттық қызметтің,
Ережесін білмесең.
Экс-министр Алексей Цойға
Жүрек ауыстыруға, аз ғана ақша кетпейді,
Бауыр ауыстыруға, қаражат оған жетпейді.
Бүйрек ауыстыруға, бюджет керек көп дейді,
Өкпе ауыстыруға, ол да ақшасыз өтпейді.
Бетті ауыстыру-бұл, көп қаржыға беттейді,
Ал,
Жыныс ауыстыру- ол ақша қажет етпейді.
Астана қаласы