Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында Қостанай облыстық мәдениет басқармасы «Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, реставрациялау және қорғау орталығының» ұйымдастыруымен «Торғай геоглифтерін салушылардың ізімен» атты әдістемелік семинар өтті.
Семинарға оқытушылар мен студенттер, тарихшы мамандар, Арқалық, Аманкелді, Торғай музейлерінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
«Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, реставрациялау және қорғау орталығының» басшысы Бекболат Балабекұлы мен философия ғылымдарының кандидаты, АрқПИ профессоры, тарих және өнер факультетінің деканы Гүлбаршын Спанқызы бастап берген семинарда Торғай геоглифтерін ең алғаш тауып, әлемдік қауымдастыққа жария еткен Дмитрий Дей, «Археологиялық зерттеу бөлімінің» ғылыми қызметкері Рауан Байдалы, педагогика ғылымдарының магистрі Баубек Аймаханұлы т.б қызықты баяндама жасады.
Бүгінде бүкіл әлем ғалымдарының қызығыушылығын туыдырып отырған Торғай геоглифтері әлі күнге дейін құпиясын ашпай келе жатқан тылсым құбылыс күйінде қалып отыр. Сол себепті, семинар барысында археолог ғалымдар институттың тарих мамандығының білім алушыларын жазғы демалыс уақытында осы геоглифтерді зерттеу мен археологиялық қазба жұмыстарына қатысуға шақырды.
Археолог ғалымдар мен өлкетанушы зерттеушілер семинардан кейін Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінде болып, өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты жәдігерлермен танысып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
«Бұл семинар – өлкеміздегі тарихи ескерткіштерді тану және зерттеу жолындағы игі қадамдардың бірі. Торғай геоглифтері қазіргі уақытта дүниежүзі ғалымдарының қызығушылығын тудырып отырған ескерткіштер. Бұл біздің даламызда өткен ұлы өркениеттердің, дамыған мәдениеті бар қауымдардан қалған мұра. Сондықтан, оған деген қызығушылық болуы заңды. Тағы бір ескеретін дүние біздің өңірде оғыз-қыпшақ, Алтын Орда дәуірінен, ХІХ ғасырдан қалған тарихи-мәдени ескерткіштер жеткілікті. Олардың көпшілігі зерттеусіз, қорғаусыз жатыр. Мысалы, Торғай өңіріндегі Алтын Орда дәуірінің мұраларын алғаш 1946 жылы Әлкей Марғұлан зерттеп, тізімге алса, одан кейін 2010 жылы «Қазархеология» мамандары «Сырлы там», «Қаражар», «Қосқыздың моласына» қазба жұмыстанын жүргізді. Өкінішке орай, бұл қазба жұмыстарын кейбіреуін толық аяқтаудың сәті түспеді. Басқа еш зерттеуші, еш ғалым бұларға тоқталып, зерттеу нысаны еткен емес. Сол себепті, алдағы уақытта геоглифтарды ғана емес, өңіріміздегі басқа да мұраларды зерттеп, қорғауға алу керек деп ойлаймыз», – дейді семинарға қатысушы жас ғалым, «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінің ғылыми қызметкері Батырлан Жұмабайұлы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша 2023 жылдан бастап Торғай ойысымы геоглифтерінде жоспарлы археологиялық зерттеулер жүргізілуде.
Зерттеулер негізінде геоглифтердің бірегей аспектілері мен маңыздылығын ашуға мүмкіндік беретін бірқатар ғылыми мақалалар жариялау жоспарланған. Зерттеу ауқымын және әлемдік мамандардың қызығушылығын ескере отырып, геоглифтерді ЮНЕСКО-ның беделді Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Геоглифтер тек мақтан үшін емес, негізгі туристік бағытқа айналады. «Торғай ойысымы геоглифтерінің пайда болу құпиясы» жобасының тұжырымдамасы әзірленді. Мақсаты – ғылыми зерттеулерді кеңейту және жұмбақ объектілерді жаһандық танымал етуді күшейту жолымен Халықаралық маңызы бар мәдени-тарихи брендін дамыту. Бұл жобаның міндеттерінің бірі – ішкі және сырттан келу туризмі үшін туристік өнімдерді құру және дамыту бойынша нақты жоспар әзірлей отырып, Торғай ойысымы геоглифтерінің туристік әлеуетін бағалауды жүргізу.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы