Құмар Ақсақалов: “Жылыту маусымы қырағылықты талап етеді”

Құмар Ақсақалов: “Жылыту маусымы қырағылықты талап етеді”

Күннің суытуымен жылыту маусымына тиісті жұмыстар қыза түсетіні белгілі. Мәселе туындамауы үшін қырағы болған дұрыс. Мұндайда маңызды мәселе қазандық сақадай сай болып, дұрыс жұмыс істеуі керек.

Электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарының бекітілген кестесіне сәйкес, 8 бу қазандығы мен 11 су жылыту және 2 агрегат күрделі жөндеуден өткен. Бүгін облыс әкімідігінде өткен ТЖ комиссиясының отырысында осы мәселелер талқыланды. Биыл жылумен қамтамасыз етуге 17 млрд теңге бөлінді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 21% көп. 24 шақырымдық жылу желісі қайта жаңартылып, апаттардың қатары 10%-ға азайды.

«Өкінішке қарай, жылыту маусымы басталмай жатып, облыс көлемінде қайғылы жағдайлар тудырған апаттар да тіркелді. Ондай  жағдайларды болдырмау үшін жедел штаб құрылды. Қазандықтардың жұмысына қатаң бақылау енгізілді. Жыл соңына дейін әр ауданда жылытқыштар сатып алынатын болады. Меңдіқара, Аманкелді аудандарының әкімдерін тәртіптік жауапкершілікке тартамын. Қандай жағдай болмасын, кез келген штаттан тыс жағдай туралы жедел хабардар ету қажет. Бұл түсінбеушіліктің алдын алып, сенімді нығайту үшін маңызды. Жылыту маусымы қырағылықты талап етеді», – деді облыс басшысы Құмар Ақсақалов.

Жыл басынан бері облыста екі қазандық істен шығып, өрт болған жағдайлар тіркелді. Енді ондайға жол бермеу керек.

«Негізгі жазатайым оқиғалардың мұржалар мен желдеткіш арналарының дұрыс тазаланбауынан болады.  Сондықтан мұқият болған дұрыс», – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәурен Асқаров.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

 

Жаңалықтармен бөлісу