сатиралық әңгіме
Серік әдеттегісінен үйге бүгін көңілді оралды. Көңілді оралатындай себебі де бар бұл бейбақтың. Жұмыстан қысқартылған екі айдан бері жаңа жұмыс орын іздеп, бармаған жері , баспаған тауы қалмады. Екі қолға бір күрек таппай, әбден діңкеледі. Небір емен есіктер іштен жабылды. “Мал таппаған еркектен без” деп бұрынғылар тегін айтпаса керек. Жұмыссыз жүрген екі айдың ішінде біраз жолдас-жобаларының бет-пердесі сыпырылды. Оларды қойшы, бір жастықта бірге ұйықтайтын жанын түсінер деген жары Жанардың өзі шәйпау мінез көрсете бастады. Әйтсе де, әйелінің әредік байқататын шәлкем-шалыс қылығын түсінуге де болады. Қайтсін байғұс, екі айдан бергі осы үйдің барлық ауырытпалығы мойынына артылып, жалғыз айлығы осы үйдің шәйлығына жетпей, әбден жүйкесін жұқартты. Мұғалімнің алатын отыз мың теңгесі неге жетуші еді, тәйірі? Оның үстіне, “сорлыға сойыл өш” дегендей, ай сайын келетін комиссияға жиятын ақшаны қосыңыз. Ол аз болса, апта сайын қаладан ағылатын «Жарық жұлдыздардың» концеріне мәжбүрлі түрде алынатын билеттің ақшасы тағы бар. Екі айдан бері сенделіп жүрген күйеуінің түрі анау. Сонда бұл шытынамағанда кім шытынасын? Қайта сынып кетпей жүргеніне шүкір деу керек. Міне, қазір де жұмыстан келе салып, балалардың жиналған кір-қоңын жуып отырған беті. «Қалтасында соқыр жармағы жоқ. Байдың ұлындай шіренісін қара» дегендей, бұған алая қарады. Серік маңғаздана келіп, сәкіге жайғасты да, аса бір асқақ сезіммен өзінің жұмыс тапқанын мақтанышпен сүйіншілей жеткізді. Қаладағы құдалары арқылы әупірімдеп жүріп, аудандық мәдениет үйіне күзетші болып орналасқан еді. Жақсы жаңалықты естіген әйелі қуаныштан есі шығып, кіршідегі суды төге, сүріне-қабына жүгіріп келіп, мұны сүйіп алмақшы болды да, есіктің алдында ойнап жүрген балалардан ұялып, қуанғанынан секіріп-секіріп жібергенін өзі де байқамай қалды.
Бүгінгі кешкі ас әдеттегіден дәмді, дастарқан басы да тамаша көңіл-күйге бөленген еді. Тентектік жасап, сәт сайын аналарынан ұрыс еститін мектеп жасындағы Асан мен Шаттық әке-шешесінің жарқын әңгімелерін тыңдап, бір-бірімен ыржақайласып еркін отырды. Жазира тап бір күйеуі әкім болғандай жүзі бал-бұл жанып, жымың-жымың етеді.
– Түу, сенің жұмыс тапқаның қандай жақсы болды. Базардағы Айтолы тәтенің дүкенінен алдыңғы айда, ақшасын бір аптадан кейін берем деп, ұн-майды қарызға жаздырып алып едім. Мектепке күнде келеді қарызын сұрап. Ұяттан кірерге тесік таппай қысыламын. Сен айлық алғанда алдымен сол кісінің қарызын берейік.
– Бермегенде?! Береміз, бұйырса,- деді бұл тамақты қарбыта жеп.
– Айтпақшы, жарты жылдық судың ақысын сұрап, алдыңкүні Зейнептер келген үйге. Ішіп отырған суымыздан айырылып қалмайық. Солардікін де берейік.
– Бермегенде?! Береміз, бұйырса, – деді бұл қарынын сипап.
– Ұмытып барады екем, Ержаннан түсірген екі тонна көмірдің ақшасын берейік. Ұят болды. Алыстан төбесін көрсем, қашатын болдым.
– Бермегенде?! Береміз, бұйырса, – деді бұл тісін шұқып.
– Иә, иә, жаным, тағы бір айтайын дегенім, айлығыңды алғанда балаларды ертіп, төркініме барып қайтайықшы. Мына тұрған ауылға ат ізін салмағанымызға үш айдың жүзі бопты.
– Бармағанда?! Барамыз, бұйырса, – деді бұл кекіріп.
Осы кезде бағанадан бір-бірін түртпектеп ойнап отырған баланың үлкені Асан сөзге араласты.
– Әке, әкетайым, былтыр туған күніме велесепет алып берем деп, уәдеңізде тұрмаған едіңіз. Осы жолы алып бересіз ғой, ә? Туған күнім де жақындап қалды.
– Алып бермегенде?! Алып беремін, бұйырса, – деді бұл әндете Асанның арқасынан қағып.
– Әке, әкешім, маған көрші Секонайдікі сияқты ішінде ойыны бар планшет алып беріңізші, – деді Шаттық та әкесіне үміттене қарап.
– Алып бермегенде?! Алып беремін, бұйырса, – деді бұл маңқасын пыр етізіп тарта қойған Шаттықтың басынан сипап.
– Ура, мен әкемнің баласы. Сен мамамның баласысың.
– Жоқ, сен мамамның баласысың! Мен әкемнің баласы!
– Жоқ, олай емес… – Мен әкемнің баласы..
– Мен бүгін әкемнің қойынына жатам
– Жоқ, жоқ…
Қабырғасы ырсиған ағайынды екеуі қуаныштарын жасыра алмай, бір-бірін тырқырата қуа жөнелді. Бұл күні әдеттегідей емес, төсек ерте салынды. Жазира бүгін теріс қарап жатпады. Түні бойы балалар да, Серік пен Жазира да неше түрлі тәтті-тәтті түстер көріп шықты. Тәңертең балалар да ерте тұрып, анасымен бірге әкесіне ақжол тілеп, жұмысқа шығарып салып, артынан үлкен үмітпен үздіге қарап ұзақ тұрды. Серік те маңғаздана басып кетіп бара жатты. Бүгін мәдениет үйінде әлдебір іс-шараға байланысты әкімнің қатысуымен, қаладан әртістер келіп, концерт өтіп жатқан еді. Серік іштей жұмыстағы алғашқы күнін жақсылыққа балады. Мәдениет үйінің ішін бір шарлап шықты да, күзет бөлмесіне қайта келді. Қабырғада жапсырылған неше түрлі қызылды-жасылды «жұлдыздардың» суретіне қарап, осылардай фонограммамен ән айтып, оңай жолмен ақша табатын әнші болмағанына күйінді. Үстел үстінен «Атышулы» бір гәзетті алды да, шалқая жатып мағынасыз көз тастады. Залдағы дүрсілдеген концеттің дауысына құлақ түрді. Бұл отырған бөлменің іші тар болғандықтан, жаңғыра естіледі екен. Әлде бір әншінің шыңғыра айтқан дауысынан құлағы шыңылдып, гәзетті шиыршықтап ұстаған күйі сыртқа шықты да, әжетханаға барғысы келді. Далаға шығып еді, тыста жаңбыр сіркіреп тұр екен. Амалсыз ішке қайтадан кірді. Тәңертеңгі суықтай ішкен көженің әсері ме, шыдатпай ішін бүріп барады. Мана келгенде мәдениет үйін аралап жүріп, концерт залдың жанынан «әжетхана» деген жазуды оқығаны есіне түсіп, ішін ұстап солай қарай тұра жүгірді. Абырой болғанда кіріп үлгірді. “Құланның қасынуына, мылтықтың басылуы сай келді” дегендей, қас қылғанда осы кезде әкім де концерт залдан шығып, әжетханаға қарай жүгірген күйі ішін ұстап, лыпи басып келді де, тұтқасынан тартып еді, ашылмады. Кірпідей жиырылып, тістене: “Мұнда кім бар?” – деп суырдың айғырындай шәңк ете түсті. Іштен шыққан ешқандай сыбыс болмады. Есесіне әкімнің дауысын көш жерден жазбай танитын мәдениет үйінің қызыметкерлері: еден жуатын әйелдер, запхоз бастаған бір топ адам шәңк ете түскен қаһарлы дауыстан селік етіп, бойларын әлдебір үрей билеп, әп-сәтте жан-жақтан жиналып, қаз-қатар тізіліп, әкімнен бұйрық күтіп, көздері жасаурап, тізелері қалтырап, қаздың балапанындай сап түзеп тұра қалған еді. Әкім «А» деп бір айқайласа жылап жіберер ме еді, кім білсін. Құдай оңдағанда өйтпеді. Бұларға сөйлеудің өзін қор санады ма, көзәйнектің ар жағындағы шегір көзін алайта, әжетхананың есігін нұсқады. Естанды халде тұрған бұлар сонда ғана өз-өздеріне келіп, мән-жәйді ұғынғандай болды. Запхоз Бөкен әжетхананың есігіне қарай шегірткеше бір ыршыды да, есікті тақылдатып қаға жөнелді. Іштен «Қазір» деген жәйбірахат айтылған Серіктің дауысы естілді. Сыртта қандай драма жүріп жатқанын қайдан ұқсын ол сабаз? Әкім жауар күндей түнеріп, ине жұтқан иттей ілмиіп, ішін ұстаған күйі коридордың екі басына тызақ қағып жүгірді. Мына байғұстар бір сұмдықтың болатынын сезіп, қаққан қазықтай орындарынан қозғалар емес. Сәлден кейін әкім «Бастықтарың қайда? Шақырыңдар!» деп шәңк ете түскенде, қатарға келіп қайта тұра қалған Бөкен жасы алпысқа келгеніне қарамастан, жас балаша тұра шапқанда баспалдақтан аяғы шалынап, омақаса құлады. Қайта тұрда да, әкімге қарап, күрек тісін көрсете ерапайсыз ыржиып, бастақтың бөлмесіне қарай жүгіре жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша, кең-мол пішілген қытайдың олпы-солпы костюмін киген мәдениет үйінің мұртты бастығы екі көзі алақандай болып ентіге жетіп, мөлиіп тұра қалды. Әкім ішін басқан қалпы «Бұдан кейін ісім сенімен болсын!» деп бұған сұқ саусағын шошайтып, ежірейе қарады. Бастық қарақұсынан әлдебіреу таспен ұрғандай көзі қарауытып, тәлтіректеп кетті. Құдай оңдағанда, Бөкен әбжіл қимылдап, мұны сүйеп үлгірді. Осы кезде «Ой, әкең, ішім ауырып…» деп, іштен самбырлай сөйлеп, ыржыңдай күліп Серік те шықты. Әкімді танымайтын бұл, өзін қаға-соға ішке кірген көзәйнек тағып, ішін ұстаған лауазымды адамға қарағанда жоқ. Бастықтан тартып, қаз-қатар тізілгендерге жағалай көз тастап «Қызық, ә? Бүгін елдің бәрі суық көже ішкен бе?» деп күбірледі де, күзет бөлмесіне қарай беттеді. Әкімнің көже ішпейтінін қайдан ұқсын бұл бейуаз? Концерт біткеннен кейін барлық қызыметкер тізгін ұшымен бастықтың кәбинетіне жиналды. Бастықтың кейпі өрт сөндіргендей. Кісі шошырлық. Екі иінінен дем ала сөйледі.
– Білесіңдер ме? Бүгін біз тарихи қателік жасадық… Әй, әй, әй, “өткен шақтың бір қатесін түзеуге, аздық етер кейде бүкіл ғұмырың” деп Мұқтар Шаханов тегін айтпаған… Әй,әй,әй, қай жерден шалыс бастық?.. Құдай тас төбемнен ұрды ғой мені, ұрды ғой… Әй, әй, әй, дүние құрып кетсе, құрып кетсін. “Әжетхананың алдынан ешқайда тапжылмаңдар, біреу-міреу кіріп кетпесін” деп ескерттім ғой мен сендерге!.. Енді қайттім, құдай-ау, енді қайттім? – деді де басын қос жұдырығымен төпештей жөнелді. Еңірегенде етегі жасқа толды.
– Басеке, бұл жерде менің жазығым жоқ. Ол есікті күзетуді мына көксоққан әйелдерге тапсырғам. Мен ол кезде складты реттеуге кеткем, – деп Бөкен ақтала бастап еді, әйелдер жағы шәуілдей жөнелді.
– Мен ол кезде перделерді үтіктеп жатқам…
– Мен ол кезде еден жуатын тірапкі сатып алуға базарға кеткем…
– Мен ол кезде әртістердің киімдерін реттеп, сахнада жүргем…
– Мен ол кезде киім ілгіште тұрдым…
– Мен ол кезде…
– Өтірік! – деді Бөкен, – сендердікі шылғи өтірік! Бос кәбинетке кіріп алып, өсек айтқаннан басқа не білесіңдер сендер?
Әйелдер қаздай шулап, үстелдің үстіндегі кітап-гәзеттерді Бөкенге қарай лақтыра бастады.
– Ой, қу алқаш! Өзің арақ ұрлап ішіп, бір бұрышта жүрген шығарсың, сорлы…
– Соны айтам. Арақ сасып тұр ғой қазір де…
– Қаншама рет артын жаптық. Жақсылық та білмейтін сорлы…
– Пәленің бәрін бізге жапқанын қарашы қақпастың…
Кәбинеттің іші ию-қю. Азан-қазан дауыстан құлақ тұнады.
– Тоқтатыңдар! -деп бақырды бастық. Үстелді ұрып: – Жоғалыңдар көзіме көрінбей. Өңшең арамтамақтар. Бәріңмен ертең сөйлесем. Енді ісім сендермен болсын.
Қызыметкерлер сүлкіні түсіп, кәбинеттен шығады. Кәбинеттің бір бұрышында, көз алдында болған оқиғалардың байыбына жетпей, көктен түскендей әңкі-тәңкі күй кешіп Серік қана қалған еді.
– Ей, батырым, сен не істеп отырсың үйіңе қайтпай? – деді бастық бұған жақтырмай. Серік ұйқыдан оянған адамдай селік ете түсті.
– А, мен ғана қалыптым ғой, кетейін, – деді орынынан тұрып сүлесоқ.- Айтпақшы, бастық, тәңертең қаншада келем жұмысқа?
Бастық мырыс ете түсті.
– Жұмысқа дейсің бе? Енді мүлде келмей-ақ қойсаң да болады.
– Сонда қалай? Түсінбедім сөзіңізді?
– Түсінбейтін несі бар? Жұмысты көп істеп шаршадың. Сондықтан енді саған бостандық беремін. Боссың, бара бер, – деп иегімен есікті нұсқады. Талай бастықтан естіген сөзі еді бұл.
– Е, енді түсіндім, – деді де кәбинеттен шығып кетті.
Жер-дүниені сабалай жауған бұршақ аралас қара жаңбырдың арасымен Серік жалаң жейдешең алшаңдай басып кетіп бара жатты. Шындығында, жұмыстан не үшін шыққанын да білген жоқ.