Жанкелдин ауданы Көкалат ауылының мәдениет клубында қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, ақын, өлкетанушы, қоғам қайраткері, КСРО баспасөз үздігі, ұстаз Назарбек Бектемісұлына арналған «Найзағай ақын – Наз-аға» атты жыр кеші өтті.
Бұл әдеби-сазды іс-шара «Ауыл және мәдениет» жобасының аясында ұйымдастырылды. Жыр кешіне аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, аудандық кітапхана мен мәдениет үйінің директорлары, ауылдық кітапханашылар мен клуб меңгерушілері қатысты.
Қазақтың қара сөзінің қаймағын қалқып, інжу-маржанын жинаған Назарбек Бектемісұлының есімі Торғай өңірінің тектілігі мен дәстүрін құрметтейтін жандардың жүрегінде ерекше орын алады. Торғай даласы — тарихы мен мәдениетінің тереңдігімен танымал аймақ. Оның арғы-бергі тарихы көпшілікті таңғалдырып, бүгінде әлемге таныс бола бастады. Осы жерде Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы сияқты ұлы тұлғалар туған еді. Осы топырақтан шыққан дарынды ақын Назарбек Бектемісұлы да ұлы бабалардың ізімен әдебиетке қызмет еткен тұлға болып қала береді.
Назарбек ақынның шығармашылығы мен өмірін тереңірек зерттеп, зерделеу мақсатында сөз алған Албарбөгет жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жазира Карбозова ақынның поэзиясындағы мән мен мағынаға тоқталды. Ақынның әдеби мұрасы мен оның қазақ поэзиясына қосқан үлесін кеңінен талдап, оның Торғай топырағынан нәр алған ақындар легіндегі алатын орнын айқындады.Кештің барысында ұмытылмас сәттер орын алды. Жергілікті «Еркем-ай» би тобы көрермендерге қазақ би өнерінен шашу шашты. Қара домбырамен Гүлжан Досмағамбетова апайымыз «Туған жердің ыстығы ай» әнін орындап, тыңдармандарды рухани бір серпілтті. Сонымен қатар, ақын Назарбек Бектемісұлының қимас ұстазы, халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің өмірі мен шығармашылығына арналған өлеңдер де сахна төріне шығарылды. Ақсақал Фазылхан Мауданұлы «Нұрхан өмірден өткенде» атты өлеңін орындап бейнежолдау жолдады.
Торғайдың табиғаты, оның кең байтақ даласы мен мөлдір өзендері, халықтың адалдығы мен қонақжайлығы сөзсіз әрбір жүрекке үміт пен мақтаныш сыйлайды. Осыған орай, мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін оқып, кешке қатысушыларды өз өнерлерімен тәнті етті. Назарбек Бектемісұлы туралы естеліктер мен ұлағатты сөздер көп. Өйткені ол тек ақын, қаламгер, ұстаз ғана емес, өз айналасындағыларға үлгі болатын азамат та еді. Ол өмірінің көп бөлігін әдебиетке арнап, өз туған жерінің мәдениеті мен өнерін дамытуға, жастарға үлгі болуға күш салды. Назарбек ағамен танысқан, оның ақындық жолынан нәр алған жандар көп. Оның әрбір шығармасы, әрбір айтқан сөзі көпшіліктің жүрегіне жол тапты, ал оның өмір жолы – ерлік пен адалдықтың нағыз үлгісі.
Кеш барысында ақын, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, Көкалат ауылының тумасы Мұхарбек Жәкейұлы да Назарбек Бектемісұлы туралы естеліктерімен бөлісті. Оның әрбір сөзі мен айтар ойы – үлкен рухани мұра, өйткені Мұхарбек ақын Назарбек ағасымен шығармашылық өмірде де, жеке тұрмыста да жақын араласқан тұлға. Ол Назарбек Бектемісұлының терең ақындық мәні мен адами қасиеттерін ерекше атап өтті. Мұхарбек Жәкейұлы өзінің жолдауында, «Назарбек аға біздің әдебиетіміздің жарық жұлдызы еді. Оның өлеңдері – ол ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалатын рухани мұра» деп атап өтті.
Сөзінің соңында Мұхарбек Жәкейұлы Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Асанқанқызының бастамасымен қолға алынған «Ауыл және мәдениет» жобасының маңыздылығына тоқталып, бұл жобаның әдебиет пен мәдениет саласын дамытудағы рөлін ерекше бағалады.
«Жанар Асанқанқызының бастамасымен ұйымдастырылған осы шаралар мен жобалар ауылдардағы мәдени өмірді жаңғыртып, оны жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосады. Назарбек ағаның рухы осы жобалар арқылы мәңгілік сақталады», — деп сөзін түйіндеді ол.
Бұл видео жолдау кешке қатысқан көпшілікті терең ойға қалдырды. Назарбек Бектемісұлының мұрасы мен оның маңызы туралы айтылған әрбір сөз қатысушылардың жүрегіне жылы ұялап, ақынның ізін жалғастыруға деген ұмтылысын арттырды. Кештің тағы бір көркем бөлігі — 1-сынып оқушысы Күмісбекқызы Раяна өз өнерін көрсетіп, өлеңдер оқып, халықтың ықыласына бөленді. Бұл сәт ерекше әсер қалдырды, өйткені жас дарынның сөзге деген құштарлығы мен поэзияға деген махаббаты көрермендерге терең ой салғандай.
Кештің соңында Албарбөгет ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Есмағанбетов Жұман «Анаға сағыныш» әнін орындады, ал жергілікті «Әжелер ансамблі» қазақ әндерінен попурри ұсынды. Көкалат ауылының кітапханашысы Қапар Ақбаян «Жақсы адамдарым» әнін шырқады.
Кеш барысында Назарбек Бектемісұлы туралы естеліктерді тағы бір танымал тұлға, Көкалат ауылының тумасы, сатирик, ақын, қаламгер, республикалық мүшайралардың жеңімпазы, журналист Абылай Мауданов та бөлісті. Ол өз сөзінде Назарбек ақынның шығармашылығы мен өмірі жайлы терең ой қозғап, оны тек ақын ретінде ғана емес, қоғам қайраткері, ұстаз, әрі адамгершіліктің үлгісі ретінде ерекше атап өтті.
Кештің соңында іс-шараға атсалысқан барлық қатысушылар аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Жанар Асанқанқызы мен Албарбөгет ауылдық округі әкімінің алғыс хаттарымен, сондай-ақ аудан әкімінің грамоталарымен марапатталды. Бұл шара Назарбек Бектемісұлының шығармашылығына деген құрмет, сондай-ақ Торғай топырағының әдебиеті мен мәдениетіне деген баға жетпес үндеу болды.Аталған жыр кеші – туған жерге деген құрмет пен махаббаттың, халықтың рухани байлығын сақтау мен ұрпаққа жеткізу жолындағы үлкен қадам болып қалды. Назарбек Бектемісұлының есімі мәңгілік болып, оның шығармашылығы әрбір оқырманның жүрегінде өмір сүре береді.
Марғұлан Қасымбек,
Жангелдин ауданының
мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің бас маманы