Мектеп оқушылары арасында облыстық «Ыбырай оқулары» байқауы өтеді

Мектеп оқушылары арасында облыстық «Ыбырай оқулары» байқауы өтеді

Байқауды Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасына қарасты Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық мұражайы ұйымдастырады.

Сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназия-интернат, «Қостанай дарыны» өңірлік оқу-әдістемелік орталығы, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты және Алтынсарин ауданының әкімдігі қолдау көрсетеді.

Бұл байқауды жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Басты мақсат – мектеп оқушылары арасында Ыбырай Алтынсарин шығармаларын насихаттау. Бекітілген ереже бойынша, «Ыбырай оқулары» бастауыш және орта буын сынып оқушыларының арасында Ыбырай өлеңдерін жатқа білу, мәнерлеп айту, жоғарғы сынып оқушылары ортасында ұлы тұлғаның өлеңдері мен әңгімелері бойынша өткізіледі. Әдеби байқау аудандық (қалалық) және облыстық кезеңдерден тұрады. Соңғы айналымға аудан-қалалардағы сында Бас жүлде және 1-орын иеленген оқушылар жолдама алады. Ал облыстық байқауда жеңіп шыққан оқушы «Ыбырай оқуларына» екі жылдан кейін ғана қайта қатысуға мүмкіндік беріледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау жыл сайын ақпан айында өтеді. 2-4, 5-7 және 8-11 сыныптар арасындағы жүлдегерлер Бас жүлде, 1,2,3 орын бойынша ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Толық ережені назарларыңызға ұсынамыз:

І. Жалпы ережелері

1.1. Осы ережелер мектеп оқушылары арасында өткізілетін облыстық «Ыбырай оқулары» байқауының мәртебесін, мақсаттары мен міндеттерін айқындайды. Облыстық «Ыбырай оқулары» байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. «Ыбырай оқулары» бастауыш сыныптарының арасында Ыбырай өлеңдерін жатқа білу, мәнерлеп айту, орта буын оқушылары арасында Ыбырай өлеңдерін жатқа білу, мәнерлеп айту,  жоғарғы сынып оқушылары арасында Ыбырай өлеңдері мен әңгімелері бойынша өткізіледі.

1.2. Байқау екі кезеңнен тұрады: аудандық (қалалық), облыстық.

1.3. Осы ереже жалпы білім беретін мектеп оқушыларының арасында өткізілетін облыстық «Ыбырай оқулары» байқауының (бұдан әрі – Ыбырай оқулары) мәртебесін, мақсаты мен міндеттерін айқындайды.

1.4. «Ыбырай оқуларына» Қостанай облысының жалпы білім беретін мектептерінің 2-11сынып оқушылары қатыса алады.

ІІ. Облыстық «Ыбырай  оқулары» байқауының мақсаттары мен міндеттері:

– мектеп оқушылары арасында Ыбырай Алтынсарин шығармаларын насихаттау;

– мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, табиғи дарындарын анықтау;

– оқушылардың поэзияға, прозаға деген құштарлығын арттыру, сөз құдіретін жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге үйрету. Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығымен танысып, ол туралы өз ой-пікірлерін жеткізе білуге дағдыландыру;

– оқушыларға әлеуметтік-рухани қолдау көрсетіп, олармен шығармашылық жұмыс түрлерін жандандыру. Жас буынның тарихи танымдарын, азаматтыққа бағдарланған дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, өмірлік айқындамаларын қалыптастыру.

ІІІ. Ұйымдастыру комитеті

3.1. Ыбырай оқуларының өткізу барысын қадағалау және ұйымдастыру жұмысының дайындығын іске асыру үшін әр жылдың қараша айында ұйымдастыру комитеті құрылады. Ұйымдастыру комитеті Ыбырай оқуларының қорытынды кезеңінің өткізу тәртібін белгілейді, дайындық жұмыстарын жүргізуде тікелей басшылық етеді, қазылар алқасының құрамын, қатысушылардың тізімін, конкурстың өткізу бағдарламасын бекітіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттайды.

3.2. Ыбырай оқуларын ұйымдастырушы қазылар алқасының құрамын айқындайды және өткізуді қамтамасыз етеді. Қазылар алқасының құрамына жоғарғы оқу орындарының оқытушылары, ақын-жазушылар, ыбырайтанушы ғалымдар, білім беру және мәдениет ұйымдарының танымал қызметкерлері кіреді.

 ІV. Облыстық «Ыбырай оқулары» байқауына қатысушылар:

4.1. «Ыбырай оқулары» байқауының облыстық кезеңіне аудандық (қалалық) байқаудың үш бағыты бойынша аудандық/қалалық байқауда жеңімпаз атанған Бас жүлде мен 1 орын иегерлері қатысады.

4.2.«Ыбырай оқулары» байқауының облыстық кезеңіне облыстық мамандандырылған білім мекемелерінен және Назарбаев зияткерлік мектебінен әр номинация бойынша бір (біреу) жеңімпаз үміткер қатысады.

4.3. 10 мыңнан астам оқушылар бар аудан-қалаларда 1 орын екеу болуы мүмкін. Сондықтан облыстық байқауға бір кезең бойынша 3 жеңімпаз қатысуға мүмкіндік алады.

4.4. Алдыңғы облыстық Ыбырай оқуларының «Бас жүлде» жеңімпаздары байқауға тек екі жылдан кейін ғана қатысуға рұқсат етіледі.

Байқаудың өткізілетін уақыты:

  • Байқаудың алғашқы кезеңі аудандық (қалалық) жыл сайын ақпан айында өткізілуі керек.
  • «Ыбырай оқуларына» қатысуға өтінімдер аудандық/қалалық білім бөлімдерінен ережеге сәйкес әр жылдың ақпан айына дейін (қатысушының аты-жөні, ауданы, мектебі, сыныбы, жетекшісінің аты-жөні, телефоны, номинациясы) Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Қостанай дарыны» өңірлік оқу-әдістемелік орталығына kostdaryn@mail.kz электронды поштасында қабылданады.
  • Дәстүрлі байқау әр жылдың сәуір айында өтеді.

Байқаудың өткізілу орны: Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты» КММ.

Мектептің мекенжайы: Қостанай қаласы, Алтынсарин көшесі, 118;

Байланыс телефоны: 8-714-254-56-94.

  V. Облыстық «Ыбырай оқулары» байқауының шарттары:  

5.1. Бастауыш 2-4 сыныптар арасында өтетін байқауға қатысушылар Ыбырайдың кемінде 10 өлеңін, орта буын 5-7 сынып оқушылары кемінде 15 өлеңін, жоғарғы 8-11 сынып оқушылары жаттайтын өлең саны 20-дан көп болуы шарт.

5.2. Қатысушылардың жаттауы үшін ұсынылған өлеңдер тізімі қосымшада көрсетілген.(Қосымша 1).

5.3. Қатысушы жаттаған өлеңдер тізімін қазылар алқасына ұсынады. Тізім бойынша қазылар алқасы Ыбырай Алтынсариннің кез келген өлеңінен бастап береді, оқушылар әрі жалғастырады.

5.4.  Жоғарғы 8-11 сынып оқушыларына екі тапсырма ұсынылады. Бірінші тапсырма Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін жатқа оқу, екінші тапсырма бойынша экранда жасырылған ұяшықты таңдау арқылы Ыбырай әңгімелерінің мазмұнына қарай қойылған 3 сұраққа жауап береді.

5.5. Комиссия қосымшада көрсетілген міндетті түрде жаттап алуға тиісті өлеңдерден өзге жалпы өлеңдер тізімінен (Қосымша 2) өз таңдауы бойынша жаттап айтуына болады.

VІ. Қаржыландыру

6.1. Облыстық«Ыбырай оқулары» байқауының мектепішілік, аудандық (қалалық) кезеңдерін ұйымдастыруды және қаржыландыруды тиісті білім мекемелері жүзеге асырады.

6.2. Оқушылардың облыстық Ыбырай оқуларының қатысуға байланысты іс сапар шығындарын жіберіп отырған мекемелері көтереді.

VІІ. Облыстық «Ыбырай оқулары» байқауының қазылар алқасы

7.1. Облыстық «Ыбырай оқулары» байқауының 1 кезеңінің аудандық (қалалық) қазылар алқасының құрамында мүмкіндігінше Ыбырай Алтынсарин атындағы мекемелердің мамандары тартылуы қажет.

7.2. Облыстық«Ыбырай оқулары» байқауының қазылар алқасының құрамы тақ саннан құралады, байқаудың әр бөлімі (бастауыш, орта буын және жоғары сынып оқушылары үшін) бойынша кемінде 3 адамнан тұрады.

– қатысушылардың білімі мен өнеріне талдау жасайды және 10 балдық жүйемен бағалайды;

– қатысушылардың өнерін бағалаудағы даулы мәселелерді талқылайды және қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізеді;

  • қазылар алқасының шешімдері хаттамалармен рәсімделеді;
  • жеңімпаздарды анықтайды және жүлделі орындарды бөледі;
  • облыстық«Ыбырай оқулары» байқау қорытындысы туралы есеп береді.

VІІІ. Облыстық «Ыбырай оқулары» байқауының жұмысын қорытындылау және қатысушыларды марапаттау

8.1. Облыстық байқаудың ашылуы және қатысушыларды марапаттау рәсімі салтанатты, мерекелік түрде өткізіледі.

8.2. Облыстық «Ыбырай оқуларының» жеңімпаздары қазылар алқасының шешімі бойынша бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Байқау жеңімпаздарын бағалы және ақшалай сыйлықтармен қамтамасыз ету Білім және Мәдениет басқармаларына, Алтынсарин ауданы әкімдігіне жүктеледі және демеушілер есебінен де жүргізілуі мүмкін.

Бастауыш 2-4 сынып оқушылары аралығындағы байқаудың жеңімпаздарына:

Бас жүлде 1 (біреу);

1 орын 2 (екеу);

2 орын 2 (екеу);

3 орын 3 (үшеу);

Орта буын 5-7 сынып оқушылары аралығында байқаудың жеңімпаздарына табыс етіледі:

Бас жүлде 1 (біреу);

1 орын 2 (екеу);

2 орын 2 (екеу);

3 орын 3 (үшеу);

Жоғары 8-11 сыныптар аралығында байқаудың жеңімпаздарына:

Бас жүлде 1 (біреу);

1 орын 2 (екеу);

2 орын 2 (екеу);

3 орын 3 (үшеу).

Облыстық «Ыбырай оқулары» байқауына қатысқан барлық оқушыларға сертификаттар табыс етіледі.

Байқауға дайындаған жетекшілер Алғыс хатпен марапатталады.

 «Ыбырай оқулары» облыстық байқауына қатысу туралы өтінім

Оқушының аты-жөні
Сыныбы
Аудан/қала
Мектеп атауы, мекенжайы
Оқыту тілі
Жаттаған шығармалар атауы

(Өлең, әңгіме)

Жетекшісінің аты-жөні
Эл. поштасы
Байланыс нөмері

Сурет: e-history.kz

Жаңалықтармен бөлісу