Ыбырай Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебінің 7 а сынып оқушысы Жайна Алпысқызы тоғызқұмалақтан Монғолия елінде өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
Бұл туралы Жайнаның бапкері Қайрат Әбдібекұлы ватсап мессенджері арқылы тарап жатқан ақпаратқа сәл түзету енгізгісі келетінін айтады.
«Жайна қызымыз, әлем чемпионы болды деген жалған ақпарат. Шәкіртім Монғолия елінде өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Әлем чемпионы болу, әрине, арманымыз. Дегенмен, мәлімет шынайы болғаны абзал»,– дейді Қайрат Әбдібекұлы.
Халықаралық турнирге елімзден 12 спортшы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Монғалия өкілдерімен шеберлік байқасқан. Жайна жеті бірдей қарсыласының алтауынан басым түсіп, жеңімпаз атанып отыр.
Бұған дейін Қайрат Айтмағамбетов шәкірттері Семей шыңын бағындырып оралғанын айта кетейік. Онда Жанкелдин ауданынан екі оқушы бір топта өнер көрсетіп, күміс жүлдені Қазақстан біріншілігінің вице-чемпиондары атанған болатын.