«AMANAT» бастамасымен өткен іс-шараға партия атынан сайланған ауыл әкімдері қатысты.
Форум пленарлық отырыс пен секциялық талқылаулардан тұрды, онда негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың нәтижелері мен алдағы даму басымдықтары талқыланды.
Форум модераторы Алмат Досмұхамедов ел Президентінің ауылдық округ әкімдерінің сайланбалылығы туралы айтқан сөзін келтірді.
– «Әкімдерді тікелей сайлау – басталған реформалардың маңызды бөлігі, сондай-ақ бүкіл саяси жүйені жаңғыртудың негізі» деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмалары жүзеге асуда. Қостанай облысында 185 әкімшілік бірлік бойынша 222 рет сайлау өтті, 37 рет қайта дауыс берілді. 130 рет (58,6%) біздің партия ұсынған кандидаттар сайлауға түсіп, барлығында жеңіске жетті. Бүгінде облыс бойынша жұмыс істеп жатқан 197 ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің 173-і немесе 88%-ы – «AMANAT» партиясының мүшелері, – деді Алмат Досмұхамедов.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауыл шаруашылығының дамуы, инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік саланы дамыту жөнінде сөз сөйледі.
Өңір басшысы пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарту қажеттігі туралы айтты. Ол жерлерді жергілікті тұрғындар игілігін көруі керек деді. Облыста жүзеге асырылып жатқан ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған жобалардың маңыздылығын атап өтті. Толғырық газкетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев