Қостанайлық азамат құмар ойынның азабынан қалай құтылды? dknews.kz

Қостанайлық азамат құмар ойынның азабынан қалай құтылды?

Қазір Қостанай қаласында тұратын отыз жастағы Ербол Асылбекұлы құмар ойынға мектепте жүргенде үйір бола бастаған. Картадан басталған ермек көп ұзамай ақшалай бәс тігіп ойнауға құмарлыққа қалай ұласып кеткенін өзі де байқамай қалған.

– Бұл құмарлық 26 жасыма дейін жалғасты, – деді ол. – Үй де, көлік те, ақша да, анамның, әйелімнің алтын бұйымдары, қымбат заттары, телефон, теледидар – бәрі кетті. Қарыздарымды қосқанда бірнеше млн теңге ұтылған шығармын. Отбасыммен ажырасуға басты себеп – құмар ойынға әуестігім болды.

2022 жылы ата-анасы Ерболды Астанадағы оңалту орталығына апарып, сонда төрт ай жатып емделіпті.

Ербол қазір спортқа бет бұрған. Жүгірумен айналысады, өзінің жеке кәсібі бар. Ата-анасының арқасында бұрыңғы өміріне қайта оралды. Отбасына да қосылды.

Кейіпкердің сөзінше, мектеп жасындағы балаларға лудоманияның теріс әсері мен салдары қандай болатынын дұрыс жеткізе білу маңызды. Өйткені оның өз басынан өтті. Сабақ алды.

– Біздегі проблема – жасыру, айтпау. Кішкентай балаларға ойынқұмарлық неге әкелетінін дұрыстап түсіндіріп, сол бағытта жұмыс істеу қажет. «Ойнама, түбі жаман болады, «телефонда көп отырма!» деген сөз көбіне өтпейді. Тыйым салған сайын оны істеуге құмарта бересің, – деп ескертеді ол.

Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу