Қостанай облысының бюджеті рекордтық сомаға жетті

Қостанай облысының бюджеті рекордтық сомаға жетті

Биылғы облыстық бюджет — 601 млрд теңге. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 34% артық сома. Қазына қаржысының әр салаға қалай бөлінетінін облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыстық мәслихаттың VIII шақырылымының алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде егжей-тегжейлі айтып берді.

Бір ғана Қостанай қаласының қазынасы 1,7 есеге толыққан, яғни осы жылғы қаржыландыру көлемі 132 мрд теңгеге тең. Ал облыстың оңтүстік өңірлерінің бюджеті 2,4 есеге ұлғайып, 18 млрд теңгеден асып түсіп отыр. Өңірді дамытуға бағытталған ректордты соманың қай салаға қанша үлесі тиетінін Құмар Іргебайұлы түгелдей баяндап берді.

«Биыл білім беру саласына 176 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Өткен жылғыдан 26 млрд теңгеге артық, – деді облыс әкімі. – Осы жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6 мектептің, Қостанай ауданының Еңбек және Қарабалық ауданының Гурьянов ауылдарында 2 мектептің құрылысы басталады. Сондай-ақ Қостанай қаласының Қонай және Береке шағын аудандарындағы мектептердің құрылысы аяқталады. Жалпы, білім беру нысандары құрылысына 19,4 млрд теңге бөлініп отыр. Ол былтырғыдан 10 есе көп».

Қазір оқу процесінің қауіпсіздігі ерекше бақылауда. Бұл мақсатқа 468 млн теңге құйылады. Бүгінде барлық білім беру нысаны бейнебақылау камерасымен қамтылған. Бірақ тозығы жеткендері, істен шыққандары да жоқ емес. Биыл 60 мекемедегі камералар қайтадан орнатылмақ. Мұның сыртында, оқушылар мен қызметкерлерін қосқандағы контингенті 700 адамнан асатын мектептерді лицензияланған күзетпен қамсыздандыру ісі де мықтап қолға алынады. Мәселені толық шешу үшін 208 млн теңге жұмсалмақ.

Осы жылы денсаулық сақтау саласына бағытталып отырған қаржы да жылдағыдан қомақтырақ – 87 млрд теңге. Оның ішінде, саланы дамытуға 9 млрд теңге бөлініп отыр. Қостанай ауданында емхана және 6 ауылдық медициналық нысан салуға 5 млрд жұмсалмақ. Жалпы, 2023-2025 жылдары ұзын саны 25 ауылқтық медициналық нысанның іргесі қаланады.

Бұдан бөлек, биыл 12 спорт нысанын салу көзделіп отыр. Оған 4,1 млрд теңге шығындалады. Жылу желілерін жөндеуге 14 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылғыдан 14 есе көп. Қаражат әсіресе Қостанай, Рудный, Арқалық, Лисаков қалаларына бағытталады. Жыл сайын кем дегенде 40 шақырым желі жөндеу жоспарланып отыр. Сумен қамтуға 23 млрд, елді мекендерді жарықтандыруға 3,5 млрд қарастырылған. Ал жол жөндеуге 54,8 млрд жұмсалады.

«Бүгінгі таңда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі – 85%. Жергілікті желінің жағдайын жақсарту шеңберінде 2023-2025 жылдарға 3 мың шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланған. Бұл 2025 жылға дейін жол жағдайын 95%-ке дейін жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 285 шақырым болатын көше жолдарын қалыпқа келтіруге 16,5 млрд теңге құйылады», – дейді облыс әкімі.

Мұның сыртында, тұрғын үй құрылысына 27,5 млрд теңге бөлінді. Биыл 500 мың шаршы метр баспана салынып, 30 мың шақты тұрғын қоныс тойын тойламақ.

Өрт қауіпсіздігіне 7,2 млрд, кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін 21,5 млрд теңге қарастырылып отыр.

Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Жаңалықтармен бөлісу