Қостанайдың “Тобыл-арена” манежінде «ALLUR» диллерлік орталығының ашылуына орай ұйымдастырылған 2013 жылғы жасөспірімдер арасындағы футболдан халықаралық турнир мәреге жетті. Жарыс жеңімпазы – Тараз қаласының «Алатау Химик» командасы.
Бұл команда Ақтөбе қаласының «AS Aktobe» командасын пенальти сериясында жеңді. Қола жүлдені Қарағанды қаласының «Жастар» командасы иеленді. Ақтөбелік бапкер Әли Тайғарин бұл доданың әділ әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып отыр.
«Ақтөбе қаласынан 2013 жылғы балаларды жарысқа алып келдік. Тараздық командамен финалда кездестік. Облыстық жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінен 18 бала келген болатын. Дода әділ әрі жоғары деңгейде өтті деп айта аламын. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен, көршілес Ресейден он команда жиналуы осы сөзіме дәлел болады», – «AS Aktobe» командасының бас бапкері Әли Тайғарин.
Келешекте Ерасыл Еркеқұл деген есімнің футболда жұлдызы жақыраса таң қалмаңыз. Ала допты игеруге төрт жасынан келген қарғандылық өреннің алға қойған үлкен мақсаты бар. Ұстанымы мығым. Осы жарыста Қарағандыдан келген Ерасылдың командасы қостанайлықтардан жүлделі орынды тартып алды.
«Біз бүгін бірде жеңіп, бірде жеңіліп, тартысты кездесулерді бастан өткердік. Футбол маған осынысымен өте қымбат. Тастамай аяғына дейін ойнаймын. Бұл турнирде, әсіресе, «Алатау химик» командасымен болған ойын ұнады. Бірақ олар бізді ұтып кетті», – дейді Ерасыл өкінішін жасыра алмай.
Захар Говорухин осы жарыста ерекше ойын мәнерімен көзге түскендердің бірі. Шеберлігі жағынан үздік үштіктен көрінген Захар өнер көрсеткен Ресей Федерациясының Челябі қаласынан келген «Сигнал» командасының жолы болмады.
Осындай мықтылардың қатарында Астана қаласынан келген «Адал» ФМ ұжымының ойыншысы Нұраби Үсенов те бар.
Ақтөбелік Әлихан Асановтың шеберлігіне көрермендер тәнті болды. Оның командаласы Марат Асылхан “Турнирдің үздік жартылай қорғаушысы” атанды. «Алатау Химик» тасқамалы – Әлімжан Қапар “Турнирдің үздік қақпашысы” номинациясымен марапатталды.
Осы ұжымның намысын қорғаған Нұрсұлтан Қайратұлы – “Турнирдің үздік ойыншысы”. Футболдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Тамерлан Серікбай “Турнирдің үздік шабуылшысы” болды.
Суреттерді түсірген Ерасыл Талғатов