Бұл туралы Науырзым ауданының әкімі Мәди Ихтиляпов тілшімізге берген сұқбатында айтып берді. Жобаның бастамашысы – «Сырымжан» ШҚ. Оған 85 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ.
“Жобаның қуаты – 250 бас ірі қараны құрайды. Мұнда екі жұмыс орны құрылуы мүмкін. Қазір 100 басқа дейінгі мал басын сатып алу жоспарлануда. 5,3 мың га жайылымдық жер учаскесі берілді. Жобаның мақсаты – Қостанай облысының және оған іргелес өңірлердің ішкі нарығында экологиялық таза жылқы етін сату. Жайылымдық және шабындық жерлері де дайын тұр. Келер жылдың қазан айында толық іске қосылады”, – деп атап өтті әкім тілшімізге берген сұқбатында.
Қарамеңді ауылында 200 бас жылқыға арналған мал шаруашылығы базасы да салынбақ. Жобаның бастамашысы – «Кенесары-2012» ЖШС. Оның құны 150млн теңге деп бағаланып отыр.
“Бұл кәсіпорын да жаңа жұмыс орындарын ашады. Жоба 2023 жылы басталған. Ауданы 2,8 мың га жер учаскесі бөлінді, трактор, шөп шапқыш, орама пресс-жинағыш сатып алынған. 2025 жылдың қараша айында толық қуатымен іске қосылуы керек. Сондықтан, жұмыс істеймін, кәсіп ашамын деген азаматтар болса, бәріне жол ашық. Тек істей білсе, жұмысын ілгерілете алса болғаны”. – дейді әкім.