Қостанай облысының оңтүстік өңірлеріне гастролдік сапармен келген Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры арқалықтықтарды да құнды қойылымдарымен тәнті етті.
Отыз жылдық қалыптасқан тарихы бар театрдың бұл өңірге алғаш рет қадам басып отырғаны.
«Жаны жайсаң қауыммен жүздескенімізге бек қуаныштымыз» деген іргелі өнер ұжымы көрермендерге Ақжол Сәбиттің «Байқа, балақай» ертегісін, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларына негізделген «Алаш» пластикалық драмасын және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург-режиссер Ерсайын Төлеубайдың «Ән аты – Нұрикамал» атты музыкалық драмасын ұсынды.
«Бұл келіп отырған іс – сапарымыздағы ниетіміз тек қана кассаны толтыру емес, халықты Ахаңның әдебиетімен сусындату, Нұрикамал әнімен тербеу, балаларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға үндеу. Қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға театр тілімен үн қатсақ деген мақсатпен келіп отырмыз. Құрақ ұшып, құшақ ашып бауырына басып жатқан «Тобыл – Торғайдың» дархан даласындай кеңпейілді ел – жұртына алғысымызды білдіреміз. Өнер мерекесі, театр жәрмеңкесі жасай берсін. Арқалық қаласындағы жасөспірімдер театрын өзімізге де шақырамыз. Екі театрдың арасында шығармашылық байланысты нығайтқымыз келеді. Алдағы болатын тетрымыздың мерейтойында торғайлық театрдың да төбе көрсетіп, төрде болғанын қалаймыз», – дейді Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Нұрислам Жылқышыұлы.
Қойылым соңында қонақтарға қала әкімінің «Ықылас гүлі» мен «Алғыс хаты» салтанатты түрде тапсырылды.
Қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов құттықтау сөз сөйлеп, еңбек ардагері, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Қаратай Нұрманов жылы лебізін білдірді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы