Аталған заң бұзушылықтар Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті мен оның аумақтық департаменттерінің білім беру ұйымдарына мониторингі барысында анықталды.
2024 жылдың басынан бері жүргізілген тексеру нәтижесі көрсеткендей, 58 мектеп білім беру қызметін лицензиясыз жүргізген. Бүгінгі таңда олардың 17-сі білім беру қызметін қойылатын талаптарға сәйкестендірді. Лицензиясыз қызмет жүргізген мектептерге қатысты ҚР ӘҚБтК 463-бабы бойынша айыппұл салу туралы сот қаулылары шықты. Бұл білім беру ұйымдары негізінен Астана және Алматы қалаларында, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында орналасқан.
«ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес барлық мектептер білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуы тиіс. Лицензияның болмауы мектептердің талаптарға сәйкестігі бойынша тексеруден өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжаттарды тапсырмағанын білдіреді. Білім беру ұйымдары білім беру қызметімен айналысуға лицензия алған сәттен бастап қана құқылы. Егер мектеп мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жабылуға тиіс», – деп атап өтті комитет төрағасы Ернұр Дәуенов.
Лицензия алуға қойылатын негізгі талаптар тиісті материалдық-техникалық базаның, білікті педагогикалық құрамның болуын, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормалардың сақталуын, сондай-ақ білім алушыларға медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруды қамтиды. Осы талаптарға сәйкес келмеу әкімшілік жаза қолдану мен қайталама бұзушылықтар болған жағдайда білім беру мекемесінің қызметін тоқтату үшін негіз болып табылады.
Естеріңізге сала кетейік, мектептер бағыныстылығы бойынша жергілікті атқарушы органдардың қарамағына жатады. Өз кезегінде аумақтық департаменттер өңірлік әкімдіктер мен білім басқармаларының басшыларына бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы ресми хат жолдады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі