Жазушыға құрмет көрсетілді Суреттерді түсірген – Ерасыл Талғатов

Жазушыға құрмет көрсетілді

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қойшығара Салғараұлының 85 жылдығына арналған «Қазақ тарихының тамыршысы» атты кеші Қостанайда аталып өтті.

Мерейтой иесіне Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтау хатын облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали жеткізіп, сый-құрмет көрсетті.

Облыс әкімі құттықтауында мерейтой иесінің шығармашылық мұрасы жас ұрпаққа үлгі екенін, оның еңбектері қазақтың тарихи санасын жаңғыртуға зор ықпал еткенін ерекше атап өткен.

Мерейтой иесіне арнап Жанкелдин ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарсақбай Бірмағанбетов, мәслихат төрайымы Анар Ержігітова, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар Одағы атынан келген белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы өз құттықтау сөздерін арнап, жылы лебіздерін білдірді.

Жазушы кеш барысында өз шығармашылығы туралы ой бөлісіп, қазақ тарихының маңызды кезеңдеріне тоқталды. Түркі халықтарының тұтастығы мен қазақтың болашағы туралы терең философиялық ойларын ортаға салып, ұлт, рух жайында ой толғап,
жастарға ұлттың өткені мен болашағын ұмытпауға шақырды.

Кездесудің мәдени бөлімі де ерекше болды. Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының өнерпаздары кештің сәнін келтіріп, ұлттық әндер мен күйлерді орындап, көрермендерге рухани шабыт сыйлады. Қойшығара Салғараұлының еңбектерін арқау еткен тарихи көрмелер қойылды.

Бұл кеш Қойшығара Салғараұлының есімін ұлықтаған мәнді де мазмұнды рухани басқосу болды.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу