«Баланың бақытты мекені – отбасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

«Баланың бақытты мекені – отбасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

«Баланың бақытты мекені – Отбасы» тақырыбында Ұлттық бала асырап алу агенттігі ұйымдастырған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстанда Кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізу туралы ақпарат беріп, пікір алмасу. Қазіргі таңда заң жобасы Мәжілістің жұмыс тобында қарастырылуда.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру саласындағы алдағы жаңалықтарды талқылауға білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік жұмыспен қамту басқармаларының, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының өкілдері және т. б. келді.

8 жылдың ішінде Ұлттық бала асырап алу агенттігінің көмегімен 1966 бала қазақстандық отбасыларға берілген. Олардың 253-і Реабилитация жобасындағы диагнозы бар балалар және ол отбасыларға атаулы материалдық көмек, балалардың денсаулығын қалпына келтіру және оңалту түрінде қолдау көрсетілуде.

Алайда 4200-ге жуық бала әлі де ата-анасын интернаттық мекемелерде күтуде. Олардың басым бөлігі жасөспірімдер, ағайындылар және диагнозы бар балалар. Бұл мәселенің шешімі елімізде үздік әлемдік тәжірибені – Кәсіби қабылдаушы отбасылар институтын енгізу болуы мүмкін.

Дөңгелек үстелге қатысушылар белсенділік танытып, кәсіби қабылдаушы отбасылар институтын әр қырынан қарастырды. Отбасыларға төленетін ақы, ата-ананың жұмысы мен пайда болуы мүмкін мәселелер талқыланды. Кәсіби қабылдаушы отбасыларды сүйемелдеу, баланың құқығы қызу талқыланып, «Кәсіби қабылдаушы отбасындағы бала кімнің бақылауында болады? Олардың құқықтарының сақталуын кім тексереді?» деген балаларға қатысты алаңдаулар болды.

Қойылған сауалға «Ұлттық бала асырап алу агенттігі» жобасының өңірлік маманы, ЖайсенбаеваХорлан: «Әлеуметтік қызметкерлер мен қорғаншылық органдары қызметкерлерінің санын ұлғайту балалардың құқықтарының сақталуын бақылауды жақсартуға, өтініштерге жедел ден қоюға, асырап алушы отбасыларға қажетті көмек пен қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», – деп жауап берді.

Іс-шараның нәтижесінде мемлекеттік органдарға Кәсіби қабылдаушы отбасы институтының маңыздылығы мен мәні егжей-тегжейлі баяндалды.

Жаңалықтармен бөлісу