(жазушы, журналист Бақыт Имановтың 110 жылдығы)
Бақыт Имановты Торғай өңіріндегі алдыңғы буын қаламгерлер білгенімен, кейінгі жастар тани бермейді. Аға буынның ішінде де Бақытты көпшілігі журналист ретінде ғана танып жатады. Шындығында Бақыт Иманов қаламы қарымды жүйрік журналист болумен қатар, елдің ескі сөзін жинаған фольклорист, ойы ұшқыр ақын, күрделі де іргелі роман жаза білген жазушы еді. Биыл Бақыт Имановтың дүниеге келгенін 110 жыл толып отыр.
Бақыт Байегізұлы 1914 жылы Торғай уезі Қараторғай болысының Үрпек ауылында дүниеге келген. Кенесарының бас батырларының бірі болған атақты Иман батырдың ұрпағы. Иманнан туған Балық батыр, Балықтың ұлы Көшімбек би болған, әрі өз ауылынан мектеп ашқан таным-түсінігі мол көзі қарақты кісілер болған. Бақыт міне осы Көшімбек бидің немересі. Әкесі Байегіз 1873 жылы дүниеге келген. Ол Аманкелді батырдың бір жылы туған құрдасы да, жақын сырласы да болған. Оған себеп туыстығы ғана емес, Көшімбектің алғашқы жамағаты өмірден өткенде, одан үш бала қалған. Соның бірі Байегізді Аманкелді жанына жақын тартып, бірге жүріп, бір тұрып, біте қайнасып өскен. Кейін 1916 жылғы көтеріліс кезінде Аманкелді Байегізді сарбаздардың хабаршысы болған «үкілі почтаның» басшысы етіп тағайындап қояды. Мұны халық ақыны Омар Шипиннің «Торғай соғысы» атты көлемді өлеңінде былай деп жырлайды:
Алдырды Атбасардан азық-түлік,
Жігітке ұн тасытты күн-түн жүріп.
Сайлады Байегізді пошта басы,
Жақыны болғандықтан бұған сеніп.
Арғысы Кенесары, бергісі Аманкелді жүргізген дабылды жорықтың түрлі уақиға, кеңестерін Бақыт бала күнінен естіп, тарихына қанып өскен. Алғашында ауыл молдасынан сауат ашқан ол, кейін Батпаққарадағы жеті жылдық мектепте оқыған. 1936 жылдан бастап, 1939 жылға аудандық кеңесте, сауда орындарында қызмет жасайды. 1939 жылы Бақыт Алматыдағы коммунистік журналистика институтында оқуға түсіп, оны тәмәмдаған соң Әулиекөл аудандық «Сталин жолы», Амангелді аудандық «Социалистік шаруа» газеттерінде редактор болған. Оның қаламгерлік жолға түсуіне себепкер болған Рамазан Аманкелді ұлы еді. Рамазан кеңестік кезеңдегі қазақ балалар әдебиетінің бастауында тұрған жазушылардың бірі деуімізге болады. Оның «Батырдың балалық шағы» атты повесі жеке кітап болып шықпаса да, оқырман қауымның көңіліне жаққан көркем шығарма болды. Рамазан 1938 жылы журналистер институтын бітірісімен, Қазақстан комсомолы орталық комитеті «Пионер» журналының бас редакторы етіп тағайындаған. «Пионер» Бақыттың да қаламының қатаюына ықпал етті. Оның тырнақалды жазбалары осы журналда жарық көрді. Сондай алғашқы шығармаларының бірі «Темір» атты очерк «Пионер» журналының 1940 жылғы бірнеше номерінде қатар жарияланыпты. Шекарашылардың ерлігін суреттейтін туынды журналдың балаларға арналған талап-тілегіне сай жазылған шығармалардың бірі болып шыққан. Бақыт «Пионерден» ұзақ уақыт қол үзбеген қаламгерлердің бірі. Хасен Сейілханов, Секен Дайырбеков, Жұмаш Қонақбаев, Қазбек Сүлейменов, Мұқан Иманжанов секілді авторлармен бірге соғысқа дейінде, одан кейінде өз жазбаларын журналға беріп тұрған. Мысалы, Бақыттың «Доғал айқасы» атты балаларға арналған әңгімесі журналдың 1947 жылғы 7 номерінде жарияланыпты.
Бақыт өз шығармашылығының бастауында прозаға қарағанда поэзияға көбірек мән беріп, біршама ірілі-уақты өлеңдер мен «Қанды тас» атты поэма жазып ақын ретінде танылды. Бақыттың Амангелдіге арналған «Амангелдінің анасымен қоштасқаны» және «Табыт басында» атты өлеңі 1940 жылы Алматы қаласында шыққан «1916 жыл» атты жинақта жарық көрген. «1916 жыл» кітабында Аманкелдінің жорық жыраулары болған аты әйгілі Алтыбас Ақмолда, Омар Шипин, Күдері Жолдыбайұлы, Сәт Есенбаев секілді халық ақындарымен бірге жас талапкердің бірнеше өлеңінің жариялануы әдебиетке құмар қауымды елеңдетіп тастағаны шындық. Торғай өңіріндегі көтерілістің тарихын жетік білетін әрі Аманкелді сардардың туысы ретінде Бақыт аталған жинаққа қажетті өлеңдерді молынан жинап, батырдың ұлы Рамазанға тапсырған. Ел ішінен жиналған бұл жырлардың Кеңестің саясатқа қатысты көп өзгеріске ұшырап, мүлдем басқаша жарияланғандары да бар. Мысалы, біздің қолымызда Бақыттың Аманкелдінің сарбазы болған Досмұқан ақынның қолжазбасынан көшіріп алған «Аманкелді батырдың өлгендегі хал-жайы» деген өлеңі бар. Бақыт мұны 1939 жылы маусымның 6 күні түпнұсқа қолжазбадан көшіріп алған. Онда батырдың өлімі былай суреттеледі:
Атылған жерін сұрасаң,
Торғайдың дуан қаласы.
Аттырған кім деп сұрасаң,
Арғын-қыпшақ баласы.
Тар орында бас қосқан,
Құшағын жайып достасқан,
Әбдіғапар ханымыз,
Өзінің туған ағасы.
Қулар кіріп араға,
Жалпы өсек болған жанама,
Арадан шағым жүргізіп,
Көшінен ерген қарасы.
Бірінші себеп сол болды,
Біздің елге сор болды,
Елден шыққан екі ердің
Ауызының аласы.
Досмұқанның өлеңі 1935 жылы жазылған. Бұл шақта Аманкелді батыр үшін Әбдіғапар құн төлеуге келісіп, оның да қаза тапқаны елге мәлім еді. Досмұқан сол себепті де сардардың өліміне Әбдіғапар әмірді кінәлі етіп көрсетеді. Ал 1940 жылы шыққан «1916 жыл» кітабында өлеңнің бұл тұсы өзгеріске ұшырап, Аманкелді өлімін Міржақыпқа қарай аударған:
Атылған жерін сұрасаң –
Торғайдың дуан қаласы.
Аттырған кім деп сұрасаң –
Дулаттың Жақып баласы.
Аманкелді өлімінің ақиқатын анықтауға бір мүдделі адам болса, ол сардардың туыстары болуы керек қой. Түпнұсқа қолжазбадан көшірілген өлең мен оның баспа бетіндегі шыққан нұсқасында мұндай айырмашылықтар болуы Кеңестік кезеңдегі саясаттың жемісі деуімізге болады. Бақыт жинастырған көптеген қолжазбаларды оның ұлы Иманов Өміржан ағамыз 2015 жылы біздің қолымызға тапсырып еді. Аталған қолжазбаларда Торғай өңірінен шыққан Омар Шипин, Сәт Есенбаев, Күдері Жолдыбайұлы, Ақыш Аймағамбетов, Орынбай Игібайұлы, Сәлімгерей Оңайбекұлы, Досмұқан Төлебайұлы, Қасым Спандиярұлы, Сәтін Досанұлы секілді ақындардың өлең-жырлары бар. 1916 жылғы көтеріліске қатысты ел аузындағы әңгіме, естелік, өлең-жырларды молынан жинаған Бақыттың өзі де осы тақырыпта көлемді шығармалар жазған.
Аманкелді өмірінің бір кезеңін суреттейтін – «Қанды тас» поэмасы Бақыт жазған поэзиялық туындылардың ең бір көлемдісі, ең бір нәрлісі болып шыққан.
Әдебиет тарихына көз жүгіртсек сары садағын толғай тартып, семсерін сертке таққан Аманкелдідей ел қорғаны болған ерлерді кім жырламаған. Үзеңгілес болған жорық жыраулары да айтты, тарихын оқыған бүгінгі ақындарда жазып жатыр. Ертеңде талай жыр арнала бермек. Бірақ Бақыттың поэмасында кешегі мен бүгінгіден, тіпті ертеңгі ақындардан да асырып айтсам-ау деген асқақ шабыт, құштар құлшыныс байқалады. Ақын поэмасының алғашқы атауы «Сейіл» еді. Бақыт мұны Алматы қаласында журналистер институында оқып жүрген кезінде 1940 жылы жазған. Поэма шығарманың құлақ күйін келтіретін эпилогтан және «Қабырда», «Құдалық», «Кездесу», «Сүйісу», «Жорғаның өлімі», «Билік» деп аталатын бірнеше бөлімдерден құралған. Туынды да поэма атын алған басты кейіпкер Сейіл өзінің ғашығы Қадиша екеуі озбыр күштерге қарсы күреседі. Жауыз Есімнің қолынан ажал құшқалы тұрған екі жасты Аманкелді өлім аузынан айырып алады. Бұл поэманың 1-ші, 6-шы бөлімдерінде суреттеледі. Бақыт Иманов бұл туындысына кейіннен 1916 жылғы оқиғалардан хабар беретін тағы екі бөлім қосып, поэманың атын «Қанды тас» деп атаған. Кейіннен қосылған «Сыйлық», «Ізденіс» деп аталған бұл бөлімдерде негізінен Сейілдің көтеріліс барысындағы іс-әрекеті, оның ерлікпен қаза табуы суреттеледі. Өкінішке қарай поэманың соңғы бөлімінің бір бөлігі жоқ. Ақын қолжазбасының соңғы беттері түсіп қалған. Соның өзінде көлемді көрінетін туынды құнды шығармалардың бірі. Бұның бірнеше себебі бар. Алғашқысы Бақыт Имановтың Аманкелді батырдың жақын інісі екендігі. Автор өзінің батыр ағасын өзгелер секілді әдеби кейіпкер ретінде ғана алмай, сипаттап отырған тұлғасын жетік білген. Екінші бір себебі бұл туынды да кейбір ақын-жазушылардың шығармаларындағыдай тек Аманкелді батырдың бейнесі ғана көрініп қоймай, азаттық үшін күрескен Сейіл, Қадиша, Қасен секілді тұлғалардың көрінуі. Шығарманың тағы бір құндылығы автордың Аманкелді жүргізген күресті Кенесары, Исатай, Сырымдардың қозғалысының жалғасы ретінде көрсетуі. Кеңестің одақ кезінде 1916 жылғы көтеріліс таптық қозғалыс ретінде көрсетіліп келген болатын. Бақыттың сол кездің өзінде жазған туындысынан ақынның көтерілістің бағыт-бағдарын анық біліп, оған деген өзіндік көзқарасын «Қанды тас» поэмасы арқылы білдіргені көрінеді.
«Қанды тас» ұзққа желі тартқан көлемді шығарма болса да, ақын айтар ойын, оқиға барысын көсіле жырлаумен бірге, сырлы сезімнің қалтарыстарына апарып, шым-шымдап бойға тарайтын ішкі иірімдерге де жиі қайрылып отырған.
***
Жұртым-ау мен сары уыз шайқалмаған,
Жетіліп ұшқаным жоқ әлі ұядан.
Тімтінген жемтік іздеп қара құсқа,
Айтсаңшы қалай азық болар балаң.
***
Шығыстан ақшыл тартып құлан иек,
Құс шулап ұйықтап жатқан шыңда түлеп.
Қылтиды нар өркетен алтын шапақ,
Шынтақтап сыңар иінін тауға тіреп.
***
Қоштасып «дұға оқыған» жел күбірлеп,
Қарайып аза тұтып тау дірілдеп.
Шәһит боп талай жүрек жерді қауып,
Бүк түсіп балуан дене жатты күйреп.
Берілген үш шумақтың алғашқысы қанды қақпан Есім байдың торына шырмалған Қадиша сұлудың зары, екіншісі табиғат бейнесі – арайлап атып келе жатқан таң сипаты, соңғысында жан алып, жан беріскен майдан даласының бір көрінісі берілген. Қай-қайсысы болмасын құр сылдыр сөз емес, көкіректе жатталып қалатындай өлең шумақтары.
Қорыта айтқанда, Бақыттың «Қанды тас» поэмасы ел қорғау жолындағы ерлік пен озбыр зұлымдыққа тоқтау салған елдік ісін бейнелеумен ғана халық көкейінен шыққан туынды емес, мүкісі жоқ мәнерлі сөз орамдарымен, алысты көздеп шамырқанып шабыт тілеген талант дархандығымен, шешендікпен төгіліп тұратын ағыл-тегіл, түйдек-түйдек түскен жыр шумақтарымен де ерекшеленіп тұрған көркем шығарма.
Біздің қолымызда поэманың үш нұсқасы бар. Әр нұсқаның көлеміне, оқиға желісіне байланысты айырмашылықтары бар. Алматыда жазылып, өңделген алғашқы екі нұсқасында Сейілдің он алтыншы жылғы іс-әрекеттерін суреттейтін «Сыйлық», «Ізденіс» бөлімдері жоқ. Аталған үш нұсқаны салыстыра келе, поэманың соңғы әрі көлемді нұсқасын таңдап алып, 2016 жылы көтерілістің 100 жылдығы қарсаңында Амангелді аудандық «Амангелді арайы» газетіне ұсынған болатынбыз. Ол газеттің шілде айындағы 28-29-30-31 номерлерінде жарық көрді.
Бақыт Иманов прозада да өнімді еңбек еткен жазушы. Оның бұл жанрдағы туындыларыныңда бағыт-бағдары 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихы, батыр ағасы Аманкелдінің соқталы кесек тұлғасын бейнелеу болды.
Оның облыстық баспасөз беттерінде жарияланған «Екі майданның ері», «Көкшулан», Алғашқы ереуіл» секілді очерктерінде дабылды жорықтың дауылпаздарын, сарбаз сапында болған айтулы тұлғалар жайында жазылған. «Қатерлі кезеңде» әңгімесінде батыр қазасынан кейінгі оқиғалар, Әлібидің елге келгені Аманкелдінің анасы Қалампырдың атынан сөйленіп, Бақыт бала кезінен естіп өскен уақиғаны көркем туындыға айналдырған. Әкесі Байегіздің туған інісі Сейітқасымның осы тұстағы іс-әрекеттерінің бір парасынан «Құрбандардың қорымы» атты әңгіме де жазып шыққан. Бұл аталғандар әзірге біздің қолымызда бар дүниелер ғана. Аманкелді аудандық «Социалистік шаруа» газетінің ескі номерлерінде Бақыттың қолынан шыққан очерктер мен әңгімелер әлі де бірталай бар болса керек.
Бақыт 1940 жылдары ел арасына шыққан фольклорлық экспедицияларға да Аманкелді жайлы мол деректер беріп, батырдың үзеңгілес серіктерімен кезіктіріп, тарихшы ғалымдарға да көп жәрдемін тигізген. Сибирь экспедициясының мүшесі, тарихшы Аяп Нұрқановпен бірге жазған «Батырдың балалық шағы» атты мақаласы 1944 жылы 5 қаңтарда облыстық «Большевиктік жол» газетінің жарияланған. Осы экспедиция кезінде жиналған материалдардың негізінде Аяп «Дала қыраны» атты деректі повесть, «Халық батыры» атты монография жазған. Бақыт та «Батырдың балалық шағы» атты повесть жазып, онысы 1945 жылдың тамыз айында Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінің 147 номерінде жарияланған. Онда повесть жайлы «РЕДАКЦИЯДАН» мынадай пікір жазылыпты:
«СССР Ғылым академиясы қазақстандық филиалы жанындағы Тіл-әдебиет және тарих институты қызметкерлері мен Қазақстан совет жазушылар одағының мүшелері қазақ халқының сүйікті ұлы, батыр Аманкелдінің өмірі туралы Бахыт Иманов жолдастың «батырдың балалық шағы» деген повестін қарап «Батырдың образын жасаудағы повестің тілінің әсерлілігі мен қатынасушы геройлардың, жеке адамдардың,, табиғат құбылыстарының көркемдігі тым шеберлікпен көрсетілген. Б.Имановтың Амангелді заманындағы ескі өмірге, салт-санаға бай түсінуіне, және сол заманның адамдарының ұғымын тәуір етіп бергеніне қарағанда еңбектің құнды болатынына күмәндануға болмайды.
Повестің құрылысымен және адамдардың ой-санасына үңілуі жөнінде автордың біркелкі олқылығы бар. Бірақ бұл іс үстінде түзетуге болатын кемшілік. Бұл еңбек қазақ халқының көркем әдебиетінде Амангелді сияқты батырдың бейнесін көрсететін тұңғыш шығарма болатыны анық» деп тапқан болатын.
Бұл повесть облысымыздағы жас жазушы Бахыт Иман жолдастың тұңғыш шығармасы, тырнақалды болғандықтан, Қазақстанның көрнекті жазушылары мен әдебиет сыншыларының жоғарыда атап көрсеткен кемшіліктері іс үстінде түзетілер деген үмітпен, облыс жұртшылығының сынына салғалы отырмыз. Повестің жазылуына қарай жеке тараулары газетімізге басыла бермекші [«Большевиктік жол», №147 (2474), 03.08.1945 жыл ].
Бақыттың повестін талдауға арналған жиналысқа қатысқандардың арасында Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Нығмет Сауранбаев, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсембай Кенжебаев сынды белгілі жазушылар мен әдебиетші ғалымдар қатысқан. Олар «…Бақыт Имановтың повестің құнды болып шығатынын ескеріп, бұл кітаптың бітер шағы таянғандықтан және бұл еңбектің қазақ халқының батыры Аманкелді Имановтың өмірі мен ерлік істерін көрсететін әңгіме болып шығуына байланысты жолдас Б.Имановты қызметінен босатып Алматыға баруына ерік беруін және партия совет ұйымдарының осы игі мақсатқа көмектесуін сұрап» Қостанай облыстық партия комитетінің хатшысы Золотухин мен Аманкелді аудандық партия комитенің хатшысы Ахметжановқа арнап хат жазған. Хатқа Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті Сәтбаев пен Тіл-Әдебиет институтының директоры Исмайылов қол қойған. Бірақ жергілікті жерден Бақытқа қолдау берілмеді. Дегенмен тынымсыз еңбектеген жазушы «Батырдың балалық шағын» қайта қарап, толықтырып, Аманкелдінің балалық, жігіттік шағын суреттейтін романға айналдырып, 1967 жылы «Жазушы» баспасына апарып тапсырады. Баспаның аз-кем ескертуінен кейін романның қолжазбасымен қайта жұмыс жасайды. Журналистика саласында Бақыттан көп тәлім-тәрбие алған Бөгетбай Әлмағамбет жазушының бұл шақтары жайында былай деп жазыпты:
«1968 жылдың жазында Бақыт «Иманов» кеңшарында машинистка секретарь болып қызмет атқаратын әйелі Қадишамен демалысқа шығып, тұтас бір ай бойы күні-түні шығармашылықпен айналысады. Торғай табанындағы қалың ағаш бұталы Жетенқорығы аталатын табиғаты тамаша өңірдің қорықшысы жездесі Баяхметтің үйінде жатып, романның соңғы нұсқасын даярлады. …оңаша жер, табиғат аясындағы әсем саяжай Бақыт шығармашылығына игі әсер еткен сияқты. Ол осыдан кейін шығарма жазуын тоқтатып, оны жарыққа шығаруға аянбай күш-қимыл жұмсаған көрінеді. Бұдан бұрында талай рет осындай ұмтылыс жасаған. Алматыға да барған, бірақ нәтижелі бола қойған жоқ» [Б.Иманов. «Аманкелді», Қостанай: «Шапақ», 2011 жыл ].
Әу баста ғылымдар мен атақты жазушылардың оң бағасын алып, жиырма жылдан артық уақытта қайта қаралып, көлемі толысып, сапасы арта түскен туынды «Жазушы» баспасының жоспарына енгенімен, ақыры шықпай қалды. Бақыттың 1969 жылы Ілияс Есенберлиннің атына арнап жазған хатында бұл жай күйінішпен айтылады. «Әңгіме баяғы еңбегім жайлы. 1967 жылы тиісті кісілер қарап, мезгілінде жоспарға енген, 1968-69 жылдары жарық көруге бағытталған сол кітапе әлі күнге дейін шықпай жатқанына менің таңым бар. Турасын айтқанда менің Алматыдан алыстығым-ау деп пұшайман боламын… Аманкелді жайында 20 жыл еңбектеніп жазған дүниям әлі күнге дейін сіздердің сөреңізде тығулы жатыр. Ең болмаса бір бетін ашып бір пәнде оқыған жоқ», – деп күйінеді жазушы.
«Жалған дүние-ай» деп көкірегіңді жарып өтетін өкініш осындайдан туады-ау. Тақырып-мазмұн жағынан да, көркемдік тұрғысында көңіл аударуға тұрарлық кесек туындының авторы әдеби ортадан, одақтың орталығынан алыс жатқаны үшін ғана уақыты келіп, бағы жанғанша тұра тұрсын деп ескі сөрелердің біріне салып қоя салуда қиянат қой.
«Жазушы» баспасының авторға қайтарған жауабында «Бұнда халық білетін батыр, қолбасшы, теңдік, бостандық жолындағы айбынды күрескер Аманкелді жоқ боп шықты. Аманкелдінің балалық шағы суреттеледі. Қысқасы, бұл жағынан алғанда шығарма баспа күткендей боп шықпады» деп жауап қайырса, белгілі жазушы Сейітжан Омаров Бақыттың шығармасы жайлы жақсы лебі бар жылы лебізін білдіріпті. Біз бұл ретте Сейітжан Омаровтың «Бақыт Имановтың Аманкелді Имановқа арналған романы жайлы пікір» деген рецензиясын толық келтіргенді дұрыс санадық.
«Авторды да, оның халық батыры А.Иманов жайлы еңбегін де мен сонау қырқыншы жылдардан бері білемін. Сол кездің өзінде-ақ Бақыт Иманов үлкен прозада күретамыры көп, күрделі еңбектер жаза алатын таланты бар екендігін танытқан-ды. Әлі есімде, соғыстан кейінгі жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясында Имановтың «Батырдың балалық шағы» атты осы еңбегі талқыланды. Сонда Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сынды әдебиет алыптары, Есмағанбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Нығмет Сауранбаев тәрізді ғалымдар Иманов еңбегін құнды еңбек деп танытқан-ды. Кейбір толықтырулар мен жөндеулер жасау жайлы авторға келелі кеңес те берілген. Содан кейін де ширек ғасырдай уақыт өтті. Осынша уақытты автор босқа өткізген жоқ. Еңбегінің алғашқы вариантын мерзімді баспасөздерде жариялатты. Сол үзінділердің өзі оқырмандардың пікірталасын туғызды. Автор оқушылардан көптеген хаттар алды. Б.Иманов үлкен жазушылардың, ірі ғалымдардың, журналистердің, Амангелдімен үзеңгілес қарттардың, бүкіл оқушы қауымының сын-ескертпелерін ескере отырып, қолжазбаға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Араға 20 жыл салып қайыра келген қолжазбаны қайта оқығанда мен автордың өзінің қаламгерлік парызына мейлінше мән берген жауапкершілігіне, асқан еңбеккерлігіне дән риза болдым.
Бұл жерде шығарма мазмұнын қайталап жатудың қажеті шамалы. Мен бір ғана нәрсеге, осы қолжазбаның аз-кем өңдеулер мен қысқартулардан кейін оқушыларға ұялмай ұсынатын туынды екендігіне баса назар аударғым келеді. Мұнда Амангелдінің 20 жасқа дейінгі өмірі суреттеліп, батырдың толыққанды бейнесі жасалған. Сонымен бірге мұнда Бекет, Балық, Қалампыр, Шапыраш, Құсбегі тәрізді жақсы дараланған, оқушы көкейінде қалатын адамдар образы да бар. Автор көп ретте ұмытыла бастаған көне сөздерді ретін тауып пайдаланған. Сол сөздердің өзі шешен сөйлейді, шебер ойнайды.
Б.Имановтың «Батырдың балалық шағы» атты еңбегін мүмкіндігінше тезірек оқушыға ұсынған жөн».
«Батырдың балалық шағы» үзінді-үзінді қалпында мерзімді баспасөз беттерінде жарық көргендіктен автордың адресіне жан-жақтан хаттар легі ағылып келеді. Олардың басым көпшілігі «батыр жайындағы еңбек не болды? Қайда жібердің?» деген сұраулар қояды. Бақыт жазған оқиғалардың тірі куәгерлері, Аманкелдінің қасына еріп жүрген үзеңгілес серіктері – мыңбасы Ыбырай Атамбеков, елбегі Әлжан Құндызбаев, сарбаздар Жәкен Тілеулин, Досымбек Ещанов, Т.Қазгелдин Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа, Қазақ ССР Жоғары Президиумының төрағасы С.Ниязбековке хат жолдап, Кеңес үкіметінің 50 жылдығы қарсаңында аталған кітаптың шығуына жәрдем берсеңіздер деп сұрайды. Дегенмен аталған хатта жауапсыз қалып, роман жарыққа шықпады. Тек 2003 жылы ғана Аманкелді батырдың 130 жылдығында журналист, өлкетанушы Бөгетбай Әлмағамбеттің көп қажыр-қайрат көрсетуінің арқасында «Аманкелді» романы Қостанайдағы «Копи-Центр» баспасынан жарық көрді. 2011 жылы «Шапақ» баспасынан 200 дана болып қайта басылды.
Бақыт «Аманкелді» романын жазбас бұрын, оның тарихына көп үңіліп, көп қарап еді. Оның бала күнінен естіп ұққан әңгімелері мен елден жинаған деректері бекерге кетпеген. Көне тарихтан шыжымдап сыр тартып, шежірелі күннің бейнесін өз романында бедерлі етіп ұмытпас қалыпта көрсеткен. Романның бірінші кітабы «Қоштасу», «Күйреген шаңырақ», «Аттаныс», «Қашқын», «Барымташы», «Ереуіл», «Жекпе-жек» атты жеті тараудан тұрады. Мұнда батырдың балалық шағынан ержеткенге дейінгі аралық, Аманкелдінің алты жасынан бастап 18-19 жасқа жеткен уақыты, 1879-1891 жылдарда болған іс-әрекеттер суреттеледі. Патшалық замандағы биліктің қулық-сұмдықтары, «анталаған дұшпанды көрмей алысқаным, алқымдағаным ағайыным» деген қатыгез Шапыраш болыс, оның Балық бастаған Бегімбет руына, жалпы елге көрсеткен озбырлығы, осы озбырлықты көріп өскен Аманкелдінің өр зорлыққа қарсы өре түрегелер тұлға болып пісіп-жетілуі композициялық пішімін дұрыс тауып, көркемдікпен шеше білген.
Кейіпкерлердің сөз саптауындағы ескі атаулардың жиі кездесуі, олардың сол заманның тілімен сөйлеуі тарихи тақырыптағы романға жарасарлық іс. Романның негізгі кейіпкері Аманкелді болғанмен, қатал мінезді ер болыс Шапыраш, ақылгөй ата Балық, қамқор ана Қалампыр, кежір мінезді Таубай, кесір істі Құсбек секілді кейіпкерлерде өзінің бар мінез-құлқымен айқын ашылып, шығарманы ажарлы ете түскен. Алғашқы үш тарауда елдің зарын, шерлі құсасын көріп өскен бала Аманкелді бейнесі бар. Оның көкірегінде көкірегінде жылағанды жұбатып, жылатқанды құлатып, үміті өшіп, өксігі ғана қалған күйзеу елдің бір керегіне жарасам деген арманы бар. Нұран асында кеудеге соққан қарсылыққа кезігіп, таяққа ұрынған Шапыраш болыстың қираған үйінің шаңырағына шығып алып айғайлаған тентек бала, романның «Қашқын», «Барымташы» тарауларында оның өзі көрген қиянатқа қарсы шығып, қатал күшке қарсы қаржасып, қайралып сом бедер таба бастаған. Қыңыр, қырыс мінезді Таубайдың жалшылығында жүріп, келісе алмай кетерінде өз ақысын күшпен алған Аман енді ел шонжарлары көзінде тентекке шыққанмен, дүмділерден күш көріп келген жарлы-жақыбай үшін «баяғы заманнан бері жан етпеген ерлік істегендей» көрінеді. «Ереуіл» мен «Жекпе-жек» тарауы алыс-арпалыспен күн кешкен Аманкелдінің ісінің іріленгенін байқатып, оның рухы да өсіп, есею жолынан өтеді. Ол тынымсыз күрестің, үздіксіз майданның адамына айналады. Атасы Балықты жер құштырған Құсбектен кек алады. Жас та болса кісі өліміне дейін барған Аманкелдінің бұл әрекетіне алғашқы тарауды оқыған адамдар таң қалмайды. Керісінше оқиға өтіп жатқан Қайдауыл болысындағы жерге талас-тартыс, оның аясындағы Шапыраш болыстың өктемдік істері, Аманкелдінің басына кешкендері – осының бәрі ер болып өскен азаматты осындай бір кесек іске апаратынын байқатады. Бірінші кітаптың соңындағы «бұл әрекеттің артында қанша азар көретінін ол білгенде жоқ, сезгенде жоқ» деген сөйлем романның кейінгі екі кітабының да ауыр салмақты арқалайтынын, Аманкелдінің қанша күрес жолынан өтетінін сеземіз. Кейбір жазушының аз-ақ уақытта жазып шығатын дүниесін көп ойланып, көп толғанып жиырма жыл бойы өңдеуі «Аманкелдінің» айдынды көрініп, көкіректі сыздатып шыққан шығарманың Бақыт Имановтың әдебиетте тапқан табысы, орасан олжасы болғанына күмән келтірмейді.
Туындының тарихи негіздері болса да автор тарихи мағлұматтарды үйіп-төгіп бермей, шығармаға арқау болған оқиғалардың мәнін ашуға қажетті, ділгір деректерді ғана алады. Қанша жерден тарихи тақырыпта жазылған дүние десекте, көркем шығарманың әрі болып, ажарын аша түсетін тарихи деректер емес, ондағы адам тағдыры ғой. Сүйекті де сүбелі шығарма жазған Бақыттың негізгі кейіпкері Аманкелді болса да, басты тақырып – елдің басынан кешкен езгі күні, ереуіл қимылы. Жазушы мұғдар қып алған кезеңіндегі қоғамның, жеке тұлғалардың ой-ұғымы, таным-түсінігі, әлеуметтік хал-ахуалы кейіпкерлердің бейнесі арқылы мейлінше шыншыл суреттелген. Солайша тарихи шындықты көркем шындыққа айналдырып, қайта жаңғыртқан.
Өкінішке қарай біздің қолымызда «Аманкелді» романының бірінші кітабы ғана бар. Батыр жайлы романның екінші кітабы 1895-1914 жылдарды, үшінші кітап 1914-1919 жылдардағы тарихи оқиғаларды қамтитын, бір тұлғаның тағдыры арқылы тұтас ұлттың бір дәуірде басынан кешкен хикметтерін бейнелейтін сом дүние болуы керек еді. Бақыттың шығармашылық таланына ондай бақыт бұйырмапты. 1968 жылы шығуы керек болған кітабының өзі басылмай, жазушы өмірден өткеннен кейін 28 жылдан кейін ғана жарық көруі үлкен өкініш. Жазушының ұлы Өміржан Имановтан алған қолжазбаларда «Аманкелді» романының екінші, үшінші кітаптарының кейбір тарауларының ұлы нобайын көрсететін жазбалар кездеседі. Бірақ бұл қолжазбалардан тек сұлбасы ғана көрінетіндіктен романның кейінгі екі кітабы жайлы толыққанды ой тұжырымдау қиын.
Бақыт Имановтың алғашқы шығармалары 1940 жылдары баспа бетін көрген. Одан бері де қанша жыл өтсе де жазушының қаламынан шыққан дүниелер толық жинақталып, жеке бір кітап болып шықпай келеді. Аз жазды, көп дүниесі жоқ дегенге ермесек оның жазушылық талантының шоң екендігіне еш күмән жоқ. Бақыт жазуға ысқаяқтанып, оңайдан жаза салатын жан емес, тереңнен толғап, кемел жазуды мақсат-мұраты еткен қаламгер еді. Оның «Аманкелді» романы әлеуметтік маңызы, өнегелік өрісі жағынан алғанда батыр жайлы жазылған көркем шығармалардың ішіндегі шоқтығы биік тұрған туынды. Мұндай кесек дүниеге ойы терең, қаламы қарымды нағыз жазушылар ғана бара алады. Бақыт сондай жазушы еді…
Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі
Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы
облыстық мұражайының
ғылыми қызметкері